Надежда Қарашева: «атам Ғұмар қазақ елінің мақтанышы болса, барша ұрпақтарына абырой»

Жолдасымның қызметіне байланысты әр түрлі шығыс елдерінде болдым. Соның ішінде Пәкістан, Малайзия, Бирма, Йемен секілді елдерде болғанда кітапханаларды көп аралайтынмын. Сонда атам туралы кейбір шығыс тілдерінде жарық көрген бір-екі кітапты таптым. Әрине, бұл өте аз. Солай болса да осы тапқаныма қатты қуандым.

Атамыздың мұрасын барлап қарау арқылы, ол кісінің ой-пікірі өте кең екендігін бәріміз көрдік. Сол қиын кезде оның шығармаларында көптеген өзекті мәселелер көтерілген. Оның ішінде оқу, тәрбие, мәдениет, жұмыс істеу, отырықшы, дін жолы, құқық заңдары, тіл, ана тіл және ана тілде мектеп ашу, тағы да басқалары бар. Ғұмар Қараштың мұрасын зерттеушілерге жұмыс көп деп ойлаймын. Зерттеу, әрине, керек.

Ғұмар Қарашты танытуда бір кемшін тұс бар. Ол – барлық зерттеу жұмыстарының қазақ тілінде жарық көруі. Тек Мағауиннің Ленинградта бастырған «Поэты Казахстана» жинағы ғана орысша шықты. Өзім дін тақырыбымен таныспын, орыс және қазақ тілдерін, жазба арабшаны да қажетті деңгейде білгендіктен, атам туралы кітап шығаруды жоспарладым. Осыған байланысты былтыр орыс тілінде «Ғұмар Қарашев» деген атаумен шағын кітап жарыққа шықты. Онда атамның өмірбаяны және кейбір шығармаларының мазмұны қамтылған. Мүмкіндігінше кейбір өлеңдерін орысшаға аудардым. Бұл менің атамның алдындағы парызым деп есептеймін.