Надежда Қарашева: «атам Ғұмар қазақ елінің мақтанышы болса, барша ұрпақтарына абырой»

Надежда Қарашева: «атам Ғұмар қазақ елінің мақтанышы болса,  барша ұрпақтарына абырой»

IMGL4068Ғұмар Қараш – 20 ғасырдың басын «тар жол, тайғақ кешу» деп сипаттаған, заманының озық ойлы ақыны, философ, ағартушы. Сөзі мен ісі қабысқан ғұлама терең игерген діни білімінің арқасында сол саладағы жоғары қызметтерді атқарған. Кейін дүмше молдалардың надандығын ашық әшкерелеп, ағартушылыққа ден қояды. Еліміздің азаттығын армандап, соған қол жеткізу жолында бар күш-жігерін жұмсаған. Ағартушылық бағытта өз заманында көп іс тындырады. Қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін дамытуға да елеулі үлес қосқан.

«Ойға келген пікірлерім», «Бәдел-хажы», «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Тұрымтай» өлең жинақтарын шығарып, философиялық ой толғамдарын жазған. 1910-1912 жылдары «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» және «Көксілдер, яки бұрынғы мырза ұлы һәм ноғайлы батырлары уә ғайри мағыналы жырлар» деген атаумен қазақтың батырлар жырының жинағын алғаш жариялаған. Қазақ даласында елдің мүддесін көздейтін бір де бір газет жоқ кезде, тұңғыш рет «Қазақстан» атауымен халыққа білім мен кәсіп үйретуді мақсат ететін газет шығаруды ұйымдастырды. Алғашқы ағартушылық, білім беру, сауат ашу, тәрбие бағытында «Мұғалім» атты ғылыми журналды шығаруды ұйымдастырып, басқарды.

Өз дәуіріндегі халыққа кең тараған «Айқап», «Мұғалім», «Шора» журналдары мен «Қазақстан», «Ұран», «Дұрыстық жолы» (газеттің атауын осылай қою Ғ.Қараштың идеясы және «Дұрыстық жолы» деген өлеңімен басталады) мен «Қазақ дұрыстығы» (бұл екі газет қазіргі «Орал өңірі» газетінің бастауында тұрған басылымдар), тағы басқа татар тілдеріндегі баспасөз бетінде халыққа оң бағыт-бағдар берген, бірлікке, ынтымаққа үндеген, білім, кәсіп игеруге бағытталған ой-пікірлері мен өлеңдері жарық көрді.