Надежда Қарашева: «атам Ғұмар қазақ елінің мақтанышы болса, барша ұрпақтарына абырой»

 – Атаңыздың атын атауға бұрын тыйым салынғанымен, бүгінгі еркіндік заманында Ғұмар Қараш еңбектерінің зерттелуіне көңіліңіз тола ма, өзіңіз бұл іске қандай үлес қостыңыз?

– Бүгінде Ғұмардың мұрасы толық зерттелді деуге болмайтын шығар. Себебі бірталай жыл аты аталмай, шығармалары жарияланбай жүргенде, әрине, қазақтың көбі оны ұмыта бастады. Тек қазір көзқарас өзгергеннен кейін шығармалары жарық көре бастады. Солардың ішінде өзім білетін және маңыздылары –Ысмайыловтың атамның «құқық пікірлері» тақырыбында қорғаған диссертациясы, Бақтылы Орманованың «Ғұмар Қараштың өмірі мен саяси қызметі» тақырыбындағы диссертациясы. Ал Қабиболла Сыдиықовтың «Замана» деген атаумен атамның бірнеше өлеңдер жинағын топтастырып шығаруы өте қуанышты болды. Бұл – расында тұңғыш тұшымды еңбек. Жақында ғана «Қазақстан» атауымен шығарылған кітап та құнды деп есептеймін. «Айқап» журналын зерттеп жүрген кезден-ақ баспасөз тарихында «Қазақстан» газетінің рөлі зор екенін білетінмін. Атам осы газетті шығаруды ұйымдастырумен қатар көптеген ой-пікірлері мен өлеңдерін жариялағаны белгілі. Газеттің атауын «Қазақстан» деп қою бастамасы да – атамның идеясы. Сол себепті осы газеттің толық жинақ түрінде шығуына өте қуаныштымын. Шетелде болғандықтан Қазақстандағы басқа зерттеу жұмыстарынан хабарсызбын.