Надежда Қарашева: «атам Ғұмар қазақ елінің мақтанышы болса, барша ұрпақтарына абырой»

 – Ғұмар атаның өліміне байланысты әр түрлі пікір айтылады. Сіздің пайымдауыңыз қалай?

 – Ғұмар атамыздың қалай өлгенін, қай жерде, кім өлтіргенін мен анық білмеймін. Атамның үлкен баласы Басыр ағамнан сұрағанымда, былай деп жауап бергені есімде: «Атаңды бандылар далада келе жатқанда шапқылап, қылышпен кескілеп өлтіріпті. Аты ауылға бос қайтқан соң ауылдастары ақынның бір пәлеге ұшырағанын түсініп, ауыл болып іздеп шыққан, сөйтіп, көп кешікпей «Құнаншапқан» деген жерден дене қалдықтарын тапқан». Басыр ағамның осы сөзіне сенемін. Зерттеушілердің әртүрлі пікірін оқыдым, меніңше дұрыстыққа жақыны – ағамның айтуы.

 – Жоғарыда Кеңес үкіметі Ғұмар Қараштың өзін және шығармаларын насихаттауға тыйым салғандығын айттыңыз. Оның салқыны сізге тиген жоқ па?

 – Құдайға шүкір, мен қуғынға ұшыраған жоқпын. Бұл әкем Бұрханның көрегендігі мен ақылдылығының арқасында деп есептеймін. Кезінде белгілі адамдарды қудалау басталғанын әкем сезіп, тез ауылға көшіп, орыстардың арасында тұрған. Партия мүшелігін де сақтаған. Мүмкін әкеме қандай да бір қысымшылық болған шығар, ол жағынан мен хабарсызбын. Жалпы ол тұйық адам еді. Бос сөзді жаратпайтын. Атамыз жайында сұрағанды да мақұлдамайтын.

Мен тіл және әдебиет институтында Есмағамбет Ысмайылов, Мұхтар Әуезовпен бірге жұмыс істедім. Олар Ғұмар Қарашпен тілдесіп, бірге жүрген, тіпті президиумда бірге отырған кездері болған. Әйтсе де олар маған «сенің атаңмен таныспыз» немесе «байқа, мынаны айтпа» деп тіптен тіс жармады. Ал диссертация қорғаудың алдында маған кімдердің есімін атауға болмайтыны ескертілді. Олар – Ахмет Байтұрсынов, Ғұмар Қараш бастаған үлкен тізім еді...