Надежда Қарашева: «атам Ғұмар қазақ елінің мақтанышы болса, барша ұрпақтарына абырой»

 – Ғұмар Қараштың ұрпақтары туралы көп білмейміз, осы жәйтке кеңірек тоқталсаңыз?

 – Ғұмардың бірінші баласы Қадыр Астрахандағы реальный училищені бітіріп, елге қайтып, Қазталовкада жұмыс істеді. «Өте білімді, ұстамды, өткір жігіт болған» деп Ғасыр ағамыз айтады. 1922 жылы кісі қолынан қаза тапқан. Кім өлтіргенін ешкім білмейді, бірақ әкесінің саяси дұшпандарының ісі болуы әбден мүмкін. Екінші баласы – Басыр. Ол ауылда әртүрлі шаруамен айналысқан. Соғыс кезінде еңбек армиясына шақырылып, Қарағандыда шахтер болып жұмыс істеген. Сосын Алматыға келіп, жетпіс жасында қайтыс болған. Атам туралы кей мәліметті Басыр ағамнан және оның жұбайы Тәнзиләдән сұрап, біліп алдым. Олардың жалғыз баласы Болат қайтыс болды. Үшіншісі қыз. Есімі - Таназия. Ол күйеуімен Қарағандыда тұрды. Ал, төртінші баласы Бұрқан – менің әкем. Өте білімді, балаларының ішінде ең білімдісі болған. Отызыншы жылдары Қазақстанның бір топ қазақ жігіттерімен бірге Москваға барып, сондағы Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық Академиясын бітірді. Кейін Алматыға келіп, Ауыл шаруашылық министрлігінде біраз жұмыс істеген. Қырқыншы жылдары белгілі адамдарды қудалау тағы басталғанда, әкем бәрін түсініп, тезірек Алматыдан Талдықорған облысына көшіп келді. Сондағы ауыл шаруашылық техникумының директоры болды. Он жылдай басқарды. Кілең орыстың арасында бір-екі қазақ болған шығар, ұжымының дені орыстар еді. Сөйтіп, саяси қуғыннан құтылған. Кейінгі кездері Алматыда мемлекеттік жер пайдалану мекемесінің бастығы болды. Алпыс үш жасында қайтты. Ғұмардың бесінші баласы – Хамида есімді қыз. Ол 12 жасында аурудан қайтыс болыпты. Алтыншы, кенже баласы – Әлихан. 21 жасында соғысқа шақырылған. Содан хабарсыз, жоқ болды. Бір хат та алған жоқпыз. Қалай өлгенін, қайда өлгенін ешкім білмейді. Әкем іздестірді, бірақ ешқандай нәтиже болмады. Басыр ағамның және әкемнің айтуынша, Әлихан сол кезде Қазақстанда дойбыдан республика чемпионы болған көрінеді.