Надежда Қарашева: «атам Ғұмар қазақ елінің мақтанышы болса, барша ұрпақтарына абырой»

 – Мен Ғұмар Қараш қаза болғаннан кейін 9 жылдан соң дүниеге келдім. Сондықтан, атамды көре алмадым. Бірақ, туысқандар арасында атамыздың белгілі ақын, ойшыл философ, прогрессшіл ағартушы екені айтылатын. Ол кезде Алматыда Ғұмар Қараштың үш баласы – үлкен баласы Басыр, менің әкем Бұрхан, кенжесі Әлихан тұрған. Әуелде Ғұмардың шығармалары туралы 9-10 класқа арналған қазақ әдебиеті оқулығында көп мағлұмат болды. Бірақ кейінгі жылдары, әсіресе, 1947-ші жылы Ғұмардың мұрасына қысым жасалып, үкімет қаулысы шықты. Онда Ғұмар Қараш буржуазиялық-ұлтшылдық сарындағы ақын, молда, Алашорданың жыршысы деп бағаланып, мұраларын, шығармаларын жариялауға тыйым салды. Мен сол кезеңде Алматыда орыс орта мектебін бітіріп, Мәскеуге кеттім. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс факультетіне түстім. Университетті 1953 жылы қызыл дипломмен бітірдім. Алматыға қайта оралдым. Он жылдай Ғылым академиясының тіл және әдебиет институтында ғылыми хатшы болып қызмет істедім. Сонда аспирантураға түсіп, кандидаттық диссертация қорғадым. Диссертациямның тақырыбы – «20 ғасырдың басындағы қазақ көркемсөзіндегі грамматикалық тіл ерекшеліктері («Айқап» журналындағы матиериалдар бойынша)» еді.

Әрине, тақырып өте қызық болды. Қазақ зиялыларының ұйымдастыруымен шыққан ең алғашқы журнал (1911 ж) болғандықтан араб әрпінде жазылған. Сондықтан көпшілікке түсініксіз болды. Бірақ, аға буын өкілдерінің көбі қорғауға қатысты. Солардың ішінде Есмағамбет Ысмайылов, Мұхтар Әуезов, Мұхамеджан Қаратаев, тағы басқалар болды. Тіпті сол кездегі Академияның президенті Қонаевтың өзі келіп қатысты. Олар «бұл кішкентай қыз не айтар екен?» деп қызықтады-ау, шамасы. Қорғау барысында жан-жақтан сұрақ қоюшы көп болды, бәріне жауап беріп, «өте жақсыға» қорғадым.