Надежда Қарашева: «атам Ғұмар қазақ елінің мақтанышы болса, барша ұрпақтарына абырой»

Надежда Бұрханқызының мекен-жайы мен үй телефонын ғаламтордан таптық. Сөйтіп, телефон арқылы хабарласып, кездесуге уағдаластық. Сөз барысында өзінің 82 жаста екендігін айтқан. «Бара қалсақ, жасы едәуір ұлғайған үлкен кісімен әңгімеміз қалай өрбір екен?!» деген алаңдаушылық та болды.

Уәде бойынша Мәскеуге бардық. Апамыз есігін ашып, жылы қарсы алды. Тіпті біз күтпеген жағдай болды! Кейіпкеріміз сырт көзге алпыс жастың шамасында дерлік, ширақ, тіп-тік, сәнді. Әп дегеннен-ақ әңгімеміз жарасып, Ғұмар атамыз туралы ой бөлісуді бастап та кеттік. Қазақтың мақал-мәтелдері мен салт-дәстүр, ырымдарын жақсы білетіні анық байқалады. Әңгіменің қызығына түскеннен кейін өзге елде, өзге жерде отырғанымызды ұмыттық. Тіпті көптен көрмеген туысқанымызға келгендей рахат күйді сезіндік.

Тарихи текті тұлғаның ұрпағымен болған сұхбатымыздың бір бөлігін оқырманға ұсынамын.

 – Атаңыз Ғұмар Қараш – 20 ғасыр басындағы ең ірі ойшыл, дінтанушы, прогрессивті ақын, әрі қазақтың жазба әдебиетін қалыптастыруға зор еңбегі сіңген қайраткер. Сол заманда-ақ болашақты дөп айтып, түрлі бағыттағы өзекті мәселелердің тура шешіміне жөн сілтеп, білімімен халық санасын оятқан, ісімен үлгі болған. Қазақтың маңдайына біткен осындай текті тұлғаның ұрпағысыз. Жалпы атаңызға қатысты не білесіз? Өзіңіз туралы да айта отырсаңыз.