Надежда Қарашева: «атам Ғұмар қазақ елінің мақтанышы болса, барша ұрпақтарына абырой»

– Ғұмар Қарашты зерттеу бағытында сізге хабарласып, пікіріңізді білушілер бар ма?

 – Жоқ, атама байланысты осыған дейін ешкім келген жоқ. Бірақ Қазақстаннан Мұхтар Әуезовке қатысты деректі фильм түсірушілер келді. Себебі мен Әуезовпен бірге жұмыс істегенмін. Біз хат жазысып тұрдық. Ең бастысы, Мұхтар Әуезовтың өлер алдында жазған соңғы хаты маған арналған болатын. Міне, осы хатқа байланысты ғана келді.

 – Мұхтар Әуезовпен жақсы таныс болсаңыз, жазушының ауызынан атаңызға қатысты қандай да бір әңгіме естідіңіз бе?

 – Әлгінде айттым ғой, атаммен кезінде бірге жұмыс істеген, жақсы таныс болған адамдар ол туралы ешнәрсе айтпады. Әуезов бірге болды, Ахмет Жұбанов та осы үйде талай болған, ұзақ әңгімелесетінбіз. Неге тіс жарып ештеңе айтпағандығын әлі түсінбеймін. Мүмкін, маған кесірі тиер деп аяған шығар. Мен «Айқап» журналынан атамның шығармаларын кездестірдім. Бірақ, осы журналдан диссертация қорғаған кезде де ешкім атама қатысты бір сұрақ қоймады. Әйткенмен, қорғау өте қызық болды. Ол кезде жасым жиырма жетіде. Отызға тарта сұрақ қойылды. Маған «орысша айта бер» деген, бірақ мен тек қазақша айтамын деп болмадым.