Қиын да сұлу тағдыр

Ғұмар шынында да дін беделін көтеру жолындағы күрескер ме еді? Осы және «Ғұмар ғасыр басында қазақ даласында жәдитшілдікті таратушылардың бірі болды» деген бағаға жауап беру үшін жәдидизмге аз ғана шолу жасап көрейік.

Жалпы жәдитшілдік туралы пікір бүгінгі күнге дейін анық ғылыми анықтамасын тапқан жоқ. Алпысыншы жылдарда «История СССР» журналындағы дай-дай айтыстан кейін ол «саяси-идеялық, ұлттық-буржуазиялық ұғымдағы халыққа қарсы бағыт, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бас кезінде ислам дінінің кейбір уағыздарына жаңалық енгізбек ниетпен оның бірқатар әдет-ғұрпын өзгертіп, фанатизмін жұмсартуды талап еткен діншілдік ағын», деген баға алды. Осы пікір бойынша, олар өз өндірісін құруға тырысқан ұлт буржуазиясын қолдай отырып, солардың мүддесі үшін Батыс Европа елдерінің мәдениетін, ғылымы мен техникалық жетістіктерін қабылдауды талап еткен. Осы мақсатта мұсылман оқу орындарындағы схоластика сипаттағы мектептердің оқу тәртібі мен рухына бірқатар өзгеріс енгізілген.