Қиын да сұлу тағдыр

Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі, талантты ақын, ұшқыр публицист, терең ойлы философ, халқының білімін көтеруге жан аямай ат салысқан санаулы ағартушыларымыздың бірі Ғұмар ҚАРАШЕВТІҢ есімі мен творчествосы ұзақ жылдар бойына белгілі себептермен аталмай келді.

Бүгінгі қайта құру заманына орай біз аяулы азаматымыздың әр жылдарда жазылған мақалалары мен өлеңдерін және ол туралы деректі назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

 Ұлы Октябрь социалистік революциясының 70-жылдығына арналған тарихи мәні зор салтанатты мәжілісте М.С. Горбачев жасаған баяндамадан соң бүгінгі ұрпаққа заты түгіл аты шала-шарпы таныс талай тұлғалардың абыройлы есімі қалпына келтірілді. Бұлар - өздері өмір сүрген кезеңнің әлеуметтік-қоғамдық тарихы контексінде қаралатын есімдік «ақтаңдақтар». Ал тарих бұрын мүлдем аталмағандармен қоса-қабат, атын атауға тыйым салынбаса да қасақана ұмыт қалдырылған «жартылай ақтандақтарсыз» түгел тарих бола алмайды. Оларды бүгін атап, түсін түстемесек ертең толайым «ақтандақтар» қатарына қосылып кетуі оп-оңай.