Қиын да сұлу тағдыр

Ғұмар Қарашев осы мол мұраны өзімен бірге ала кеткен жоқ. Арада жетпіс жыл өтсе де Қарашев мұрасының түбегейлі зерттелмей жатуына негізгі кінәлі – 20-30 жылдардың тұрпайы-социологиялық сыны. Өткеннің бәрін тұлдырлап, оң-түстен айырып көрсететін осы солақай сынампаздық әдебиетіміздің, философиялық ойымыздың ардақ тұтардай мұрағаттарының біріне өзінің зардапты  көлеңкесін түсірді. Әсіресе Сәбит Мұқановтың 1932 жылы баспа бетін көрген «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті» дейтін кітабында Ғұмар Қарашевтің діни мектептен білім алғандығы, тіптен оның творчествосындағы дінге қарсы бағытталған өткір сыны «бұл сын молдалардың сауатын, олардың халық алдындағы беделін көтеруді көздейді» делініп, осы баға негізінде, әрі 1917 жылы Орынборда алашордашылар өткізген съезге қатысып, дін мәселесін басқаруға атсалысқаны, «Тұрымтай» өлеңдер жинағында және «Сарыарқа» газетіндегі бес-алты ұлтшылдық сарында жазылған өлеңдері үшін 1946 жылы Ғұмар Қарашев қазақ әдебиеті тарихынан шығарылып тасталды. Осындай көзқарас 1957 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка мұрасын зеттеуді сын тұрғысынан қарап пайдаланудың жайы және соларды жақсарту шаралары туралы» қаулысы шыққанға дейін Ғұмар мұрасының қадірі түсіп, жоғалып, құрып кетуіне себепші болды.