Қиын да сұлу тағдыр

Бандылар Ғұмарды Құнаншапқан деген төбенің етегіне апарып кескілеп, ет етіп үйіп кетеді. Іздеп келгендер көйлегінің қиындысынан таниды. Алып жүруге келмеген соң сүйегін сол жерге қояды.

«Ғұмардың атын Россиядағы қазақ елі түгел біледі деп айтсақ та өтірікші болмаймыз, - деп жазады «Қазақ тілі» газеті коммунист ақынға арналған аза сөзінде. – Қазақ еліне ғылымды, пікірлі қызметкерлердің өте керек болып тұрған заманында Ғұмар сияқты зор ғалымның қашқындар қолынан қылышпен кескіленіп өлтірілуі жанды күйдіреді, жүрегімізге от жағады... Езілген қазақ елігің теңдігі Коммунист партиясымен табылады деп сенгендіктен, Ғұмардың мән жайын білетін азаматтар кітап етіп жазып шығарар деп сенеміз...»

Амал не, арада бір адамның ғұмыр жасына таяу мерзім өтсе де ағалар аманаты әлі орындалған жоқ. Оны айтасыз, алыс Құнаншапқандағы Ғұмар бейітінің басын қарайтып, белгі де қойылған жоқ, топырағын жел суырып жатыр.

«Дауыл күні ең алдымен бәйтеректер құлайды, өзгелерден биіктеу тұрғындығы үшін» деген ақын сөздері осындайда ойға оралады екен...