Қиын да сұлу тағдыр

1917 жылдың сентябрь–декабрь аралығы – Ғұмар Қарашев өмірінің екінші кезеңі, революциялық  қызметке барар жолының басы. Кейін, 1918 жылы шыққан «Тұрымтай» жинағындағы ұлтшылдық сарындағы «Көреміз бе?», «Келерме екен?!.» тәрізді өлеңдерінің жазылу мерзімін осы уақытқа жатқызуға болады. Сол сияқты «Алаштың азаматтарына» деген өлеңін Ордада досы, Каир университетін бітірген, сегіз тілді тел емген оқымысты Ғабдолғазиз Мұсағалиев шығарған «Ұран» газетінде жарияланған болатын. Өлең кейінірек, 1918 жылы 22 январьда «Сарыарқада» да жарияланады. Ұлтшылдық сарыны бар Ғұмар өлеңдері осылар. Мұндай өлең-жырлар ол кезде С. Дөнентаев («Сарыарқа анамызға», «Той»), С. Торайғыров («Жас жүрек», «О дүния»), Б. Майлин («Адас - жер»), І. Жансүгіров («Дінің күнің су мен жер») творчествосында да ұшырасатыны әдебиет тарихынан белгілі. Кейін Ғұмар да бір кез «Не жаздым, құдай?!» деп аһ ұрған Бейімбет секілді:

 

Өксіме көңіл байғұс өткен күнді,

Келмеске қайта айналып кеткен күнді... –

 

деп өкінеді.