Қиын да сұлу тағдыр

Тарихтан белгілі, съезді шақырушы – Уақытша өкімет. Ол осы арқылы империалистік соғысты жалғастыра берудегі өз позициясын мұсылман халықтарының қолдауын ниет еткені мәлім. Жылдың аяғында, яғни 5-13 декабрь аралығында Ғ.Қарашев Орынбордағы жалпы қазақ съезіне шақырылады. С. Мұқановтың «Омар алашорда» партиясының үкімет молдасы болды» дегені оның осы кезеңін  меңзей айтылған сөз. С. Сейфуллин де «Тар жол, тайғақ кешуде» «съезд председателінің төрт серігінің бірі... Омар Қарашұлы» деп кесіп айтады. Екі автор да дәл дерек мәлімет көздерін көлденең тартпайды. Бірақ сол кез баспасөзінде мынадай жолдар ұшырасады. «Съезд алдында Уфада қазақтардың қазиы болған Ғұмар Әлқараши тарапынан қысқаша шебер доклад оқылады. Кеше қазақ молдалары әм шәкірттері жиылып, бұ хақында бірқатар пікір алысуда болған екен» («Жаңа уақыт» газеті, Орынбор, 1917, №14, 15 декабрь). Жоғарыда аталған С. Мұқанов, С.Сейфуллин кітаптарындағы Қарашевқа қатысты пікірлердің архив деректермен негізделмегенін басшылыққа алып, дау айтуға да болар еді. Бірақ бұл алмағайып сол кезеңді, сол кезеңдегі аумалы-төкпелі адамдар тағдырын объективті түрде қараушылық болмас еді. Олай етсек, Қарашев революцияны құшақ жая қарсы алды десек, бұл шындыққа жалған монтаж жасау болып шығар еді.