Қиын да сұлу тағдыр

1912 жылы «Айқаптың» 9-номерінде Ахмет Жанталиннің «Күнелтуіміз турасында» деген мақаласы жарияланды. А.Жанталин: «Қазақ халқы қала болуы тиіс емес, қала болудың соңында біздің үшін бек көп қорқыныштар сезіледі», - деген ой түйеді. Араға шамалы уақыт салып онымен «Ахмет Жанталинге жауап» дейтін мақаламен Ғұмар Қарашев айтысқа түседі.

«Крестьяндардың ата кәсібі – егін. Біздің ата кәсібіміз – мал өсіру. Қала бол деген сөзден мал өсірме деу шықпайды.» «Орал» атты мақаланың кеңейтілген нұсқасы болуы керек.

Революция басталған кезде Ғұмар Қарашев Уфада болатын. Ол сондағы Муфтидің (діни мекемелер орталығы) IV бөлімін басқарады. Бөлім міндеті – медресе шәкірттері мен жетім, жоқ-жітік балаларға жәрдем беру, оларды оқыту шараларын ұйымдастыру еді. Әрі Қарашев Муфтидің қазиы (мүшесі) болып сайланады. Қазақ жеріне ақын 1917 жылдың май айында оралады. Орда даласында Совет өкіметін орнатуға қатысқан Шафхат Бекмұхамедов естелігінде: «1917 жылы майда Бөкейліктің орталығы Ордада Бөкей қазақтарының жалпы съезі болады. Ғұмар да осы съезге бір ауданнан өкіл болып сайланған еді... Ғұмарды көтеріп, оны Москвада болатын Ресей мұсылмандарының жалпы съезіне өкіл етіп жіберді», - дейді.