Қиын да сұлу тағдыр

Баспасөз тарихынан мәлім, Батыс Қазақстандағы «Қазақстан» газетімен қапталдаса Троицкіде Мұқамеджан Сералин «Айқап» журналын, сәл кейінірек Мыржақып Дулатов Орынборда «Қазақ» газетін шығарды. «Қазақстан» мен «Айқап» идеялас болды, олар мен «Қазақ» газетінің арасында айтыс туды. «Қазақстан» мен «Айқап» елді отырықшылыққа үндеді, ал «Қазақ» ұстанған позицияның сыры – «Бұрыңғыша қой жая тұрайын». Қарашев елді отырықшылыққа, өнер-білімге үндейтін мақалаларын «Қазақстан» мен «Айқапта» кезек-кезек жариялады.

«Тіршілік деген сабанды (соқа деген мағынада – С.Ы.) сүйреуші екі өгіздің, - деп жазды ол «Қазақстанның» бесінші номеріндегі «Бұлай мәслихат» дейтін мақалада, - күші бірдей болмаса әлсізі боразданың ана басынан бір айналуға жарамай-ақ қара терге боялып, бүйірін соғып, тұмсығымен жер тірей жығылатұғыны анық, белгілі болғаннан айтамын, һәм осы күнде «Тіршілік» сабанына қазақ және орыс атты екі өгіздің жегіліп тұрғанын, «нужда» деген айдаушының білектей кендірден есіп, ұшына қарыс жарым қайыс байлаған өткір шыбыртқымен дем алуға да бермей үсті-үстіне әлсіз қазақты шыбыртқылап тұрғанын көргендіктен айтамын».