Қиын да сұлу тағдыр

Газеттің алғашқы номері Ордада шығады да, кейін Оралға көшіріліп, ғасырдың басында жергілікті ахун Мұтиғолла Тухфатулин және оның серіктері «Жаңа ғасыр», «Пікір», «Жаңа тұрмыс» атты басылымдар шығарып тұрған баспаханадан жарық көреді. Газеттің шығуына халық мұғалімі Елеусін Бұйриннің өтінішіне орай генерал–губернатор Дубасов пен вице-губернатор Вольферс жазбаша куәлікпен рұқсат береді.

Жаңа басылымды шығару үлкен қиыншылықпен жүзеге асырылады. «Айқап» журналы 1912 жылы сентябрьде шыққан номерінде Петербургтегі «Нұр» газетінде «Қазақстан газетінің халі» деген хабарды көшіріп басқан:

«Қазақстан» газетасы ақша жоқтықтан үш айдан бері шыққан жоқ. Июль ішінде бір борышы үшін мәтбағасы (баспаханасы) жабылатын болған соң, басқарушысы Алтын Ордаға барып бес жүз сом борышын жіберген һәм сөйтіп мәтбағасын алып қалған еді. Сонымен Ғұмар Әл-Қараши Ялтаға барып біраз тапса да, газетасын шығаруда муафиқ бола алмай, қазақтардан жәрдем тілейді. Бірақ өкініші мынау... – көп жәрдем таба алмай нәумез болып қайтты».