Қиын да сұлу тағдыр

Столыпин саясаты бәсеңсіген 1910-1914 жылдары Россияда жұмысшы-шаруа қозғалысы жанданғаны сияқты, кейбір саналы қазақ оқығандары да қоғамдық өмірге сын көзімен қарай бастаған. 1911-1913 жылдар аралығында Ордада, Оралда шыққан «Қазақстан» газеті осы кезеңнің жемісі. Қазақ халқының тұрақты шығып тұратын мерзімді баспасөзге зәрулігін алғаш байқағандардың бірі – Ғұмар Қарашев. Газеттің 1911 жылы 16 марттағы тұңғыш номеріндегі «Газет деген не зат?» дейтін мақаласында ол ...«Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет! Со себепті газет біздің басшымыз! Газет біздің достар алдында – көркіміз! Дұшпандарға қарсы құралымыз! Газет біздің білмегенді көрсететін – ұстазымыз! Газет біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шам-шырағымыз!» - деп жазды.

Ғ.Қарашев, Б.Қаратаев, Е. Бұйрин, Ш. Бөкеев, Ғ. Мұсағалиев тағы басқа қазақ интеллигенттері шығарған «Қазақстан» газеті жөнінде ауыз тұщырлық еңбек әлі жоқ. Бұл орайда бірді-екілі академиялық басылымда шыққан мақалалар негізінде Х.Бекхожиннің қазақ баспасөзінің тарихы туралы белгілі кітабында жарияланған азын-аулақ мәлімет кітаптан кітапқа көшіп жүр. Үш жылда шыққан газет сандарынан қазір қолда бары 16 номер. Оның өзі Ермекқали Нығметов елуінші жылдары Кітап палатасында директор болып тұрғанда Москвадағы В.И.Ленин атындағы кітапханадан алдыртқан фотокөшірмелер. Қазақ, орыс тілдерінде шыққан газет ана тілімізден орыс тіліне сірестірмей шебер аударудың алғашқы үлгілерінің бірі.