Қиын да сұлу тағдыр

Ғұмар – кітаби ақын. Өлеңдерін он бір буынды қара өлең үлгісі, дәстүрлі ұйқаспен жазған. Солай бола тұра орыс поэзиясының темпін, ішкі иірімін қазақы тон-тымақты орынсыз кигізбей-ақ барынша сақтап, әрі түсінікті етіп аударады. Бұл тұрғыда Қарашев аудармаларын, сондай-ақ оның шығармашылдығын Батыс және Шығыс философиясымен салғастыра зерттеу – бөлек тақырыптардың сыбағасы. Қарашев айналдырған он жыл мұғдарында он жинақ берген, әрі кітаптан кітапқа ой ауыстырмай, әр кітабының өрнегін десте-десте етіп бөлек түсірген қаламгер.

Революцияға дейінгі қазақтың мерзімді баспасөзінің тарихында өткен ғасыр аяғынан жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығына дейінгі аралықта үлкен бір үзік бар. Осы бір үзік жұлып тасталған кітап бетіндей опырайып-ақ тұр. Өйткені бұл жылдары Столыпин редакциясына байланысты ұлт тілдерінде тасқа сөз бастыру тоқталған-ды. Сол кездегі қазақ ақындары тым құрыса айына бір шығатын газет-журнал бастыру жұмысын жолға қоя алмаған. 1907 жылы Петербургте «Серке» газеті «Ұлфат» газетіне жалғама-қосымша болып шықса да, «Алаш ұранды қазақтың күзетшісі» деген сөзге қалып, журнал боп шығамын деп, газетке көңілі толмай жүргенде мүлде тоқтатылды. Сол жылы Троицкіде шыққан «Қазақ» бір номерден соң «Серкенің» аяғын құшады.