Қиын да сұлу тағдыр

Сондай тұлғалардың бірі - өткен ғасырдың аяқ шенінде дүниеге келіп, жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдары өмір сүрген әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің салтанатындағы ақын, философ, журналист Ғұмар Қарашев. Ақын есімі өткен жылдар әдебиеттерінде сирек те болса ұшырасады. Оның бірқатар шығармалары 30-40 жылдары орта мектеп оқулықтарына енді, орыс тілінде шыққан «Қазақ поэзиясының антологиясында» (1958 жыл) жарияланды. «Қазақ ақындары» жинағында Вс.Рождественский аудармасында алты өлеңі Одақ оқырманымен табысты. Сондай-ақ Айқын Нұрқатов «Абайдың ақындық дәстүрі» монографиясында Қарашев творчествосына бірнеше бет арнаған. Философ ретінде оған 1962 жылы Москвадан шыққан «Философская Энциклопедиядан», «Қазақ Совет энциклопедиясының» 6-томынан орын берілген. Ертеректе, 30-жылдары Ғ.Қарашевтың поэзиясы мен философиялық ой-пікірлері Сәбит Мұқанов, Өтебай Тұрманжанов назарынан да қағыс қалған жоқ.