ЕКЕУІ ЕКІ БАСҚА

Қайтарып айтамын: Біздің қазақ бұл үш дәуірді бір біріне қосқақтамай түсінулері керек.

Жұмыскерлер табының тұтқан жолында ұлттастыру деген бір мақсат бар. Мұның мағынасы, бүкіл мемлекеттің жерін, суын, заводын, фабригін, байлығын, кенін, салулы бинасын, жұмыс ететін күшін, басқа неше түрлі керекті нәрселерін халықтың ортақ мүлкі деп тану. Танығанда құр сөзбен емес, іспен жарыққа шығару. Мәселен, қаладағы зор биналар байлардың өз қолында тұрса, биналарды ұлттастыру деген сөзден ешнәрсе шықпайды. Ал енді биналар советтер қолына алынып, онда жиналып лекциялар оқылып, басқа халық жұмыстары өтеліп тұрса, міне бұл жарыққа шыққаны болады. Басқалары әм солай.

Осы ұлттастыру, «халықтастыру» деген социализмнің таза мақсатынан біздегі кейбір баяғы айтылғандай жаман тәрбиелі қаражүрек адамдар теріс жорып, әлі жеткен кісілер талап ала берсін мағнаны беріп, бейнетқор елдің сорына шыққандай ететін көрінеді.

Ұлттастыру мен талаудың арасындағы айырма таудай зор. Мұның біреуі социализмнің тілегі дос болса, екіншісі қарсы тұратын, қайшы келетін қас. Бұлар от пен су қандай болса, сондай бір бірінен аулақ жүретін жұмыстар. Өздері біле тұрып қолымен істеймін, мойнымен көтеремін десе, оған сөз де жоқ. Білместікпен екі бағытты бір-біріне қосақтаушылар бола көрмесін деп еске саламын.