ЕКЕУІ ЕКІ БАСҚА

Ақ малтасын езіп ішіп, алаңсыз отырған біздің қазақ жұртын революция тасқыны келіп, басқа еш нәрсеге әзірленбеген, қартаң тарихтың қалай аяқ салатынын болжамаған сорлы қалай етерін, қайда кетерін білмей сасқалақтап қалулы. Саяси таптардың күресі граждан соғысына айналғанда, көбі қосақ арасында бос кетіп, құр далаға құрбан болулы.

Ескі патшалық режимінен бізге жиіркеніш мирасы болып қалған бұзықтықтар, белгілі кейіпсіз пысықтар, атқа мініп қалған әдеттері бойынша: «Құдай жаңа берді, шалу жоқ, қағу жоқ, момынның бәрі менікі» деген бағытқа түсулі.

Революция басталғалы екі дәуірді оздырып, 1917 – жыл Октябрьден бері үшінші дәуірде тұрмыз. Бұл үш дәуірдің әр қайсысының өзіне хас, бір-біріне ұйқаспайтын жолы, жобасы болса да, біріне-бірін қосып быламық етіп, түсініп араларын айыра алмай, біздің қазақ адасып отыр.

Революцияның әуелгі қысқа дәуірінде іс басында Милоков сияқты кадеттер, ортаншы дәуірінде Кернскилер тұрып, өз тұстарында жұрт алдында тізген программаларын тартқан.

Енді қазіргі күнде бұлардың шығарған жобалары  мансұқ болып, ел басқару тізгіні жұмыскер табының басшысы – айқын жүйріктері жолдас Ленин, Троцкийлер қолдарына алып отыр. Бұлардың айтқандары ашық декреттермен мемлекеттің басынан аяғына таралып отыр.