ЗАҢ МӘСЕЛЕСІ (Шариғи мәселе)

Пайғамбарымыз (Ғ.С.) заманасында, іслам мәдениетінің негізгі жаңа басталып салынған уақыт болғаны үшін, мектеп, медресе, кітап-құрал деген заттар болмаған, жазу-сызу да мұнда аз болған. Сол себепті ол күндері де құрбандықты шалып фақыраға етін таратудан басқа тиісті орын табылмаған. Осы күнде пайғамбарымыз тіріліп, қайтадан арамызға келіп халымызды көрсе, ең әуелі бастап өз құрбандығын сатып біздің ғылымды-өнерлі болуымыз, басқа елдерге қатарласуымыз жолына жұмсар еді. Ғалымдар пайғамбарлардың жолын қуушылар деген сөз бар. Тек айт, жұмада мінбеге шығып тыңдаушылар түсінбейтін бір тілменен хатбе1 оқудан пайғамбарға ілтипат табылмайды. Бәлки осындай орындарды халыққа түсіндіріп ілгері басуына себепші болу - әне сол пайғамбарға қарыздық болады. Бізде қазірде түрлі орындарда ресми рұхсаты бар қайырымдылық қоғамдар ашып, солар арқылы зекет, құрбандықтарымыздың пұлы жиналып мектеп-медреселер ашу, мұқтаж шәкірттер оқыту, білікті мұғалімдер алдыру, пайдалы кітаптар бастырып тарату бірінші парыз. Бұған фәтуа беріп бастап көрсету, халыққа түсіндіру ғұламамыздың, ашық фікірлі саңылауы бар адамдарымыздың міндеті. Енді мұндай орындар лайықты үгіт айтуға уақыт келгендей көрінеді. Һәрбір халықтың мәдениет тарихы қаралса, дүнияға шыққан хақиқаттардың баршасы да шек бе екен, бұ қалай? Бұ солай ма екен? Міне, басталған екен. Бізде де «Бұ қалай?» лар көріне бастады. Енді ұзамас. «Е-е-е, солай екен, солай керек екен» - дер де дүнияға шықса керек. Табиғаттың жолы солай.

________

 1Хатбе, хұтба – дұға оқу.