ҚАЗАҚТАР ХАҚЫНДА

        «Қазақтар құрып кете ме?» деген сауалмен екі бет сөз жазып, бір ұлттың болашағын құрбан қылуға бола ма? Сөйтіп, қазақ әулеттерінің жүрегінде дақ салуы қалай? Баспа беттерінде бір мәселе туралы сауал берілсе, ол мәселенің екі жағына тең, бірдей қарау керек. Бір жағына шүбәмен қарап, бір жаңына сеніммен қарап үміт үзбеген дұрыс. Бір ұлттың тағдыры жөнінде әңгіме болғанда, сол ұлттың рухани әдет-ғұрыптары жағын да қамти жазу керек. Сонан кейін барып сол ұлт туралы байыптау айтса болар (мәселен, қазақ туралы Ғабдулғазиз Мұса, Міржақып Дулатовтар сияқты).

Егер бір ұлтты оның тілі мен әдебиетімен бірге жерге көміп, оның әруағына Ясин Шарифті1 оқитын болса, онда «сау бол, ұлт», «сау бол, тіл», «сау бол, әдебиет» дейсің де кете берсің.

__________

1 Құранның атақты сүресі.


       Меніңше, «Қазақтар құрып кете ме, жойыла ма?» деген мағынасыз сұрақты қоюшылар осыны көксеп отыр. Олар зарлаудан басқаны білмейді. Бұл сұрақтың мақсаты қазақтар жоғалады деу арқылы оның басқа өміршендік жағына көз жібере алмайды, мән бере алмайды. Қазақты ояту мақсатында сөз қозғаған Мұхтәрам Гаспринскийдің өткен жылы «Тәржіман» газетінде басылған мақаласында былай делінеді: «Қазақтар бүгінен бастап тез арада ағару, мәдениет жолына кіруге асықпаса, көшпелі бәдәуилікті тастап, отырықшылыққа айналмаса, құнарлы жерлерінен айырылады. Сөйтіп, олардың болашақта құрып кету қаупі бар». Бұл сөздің де шын мәні ұлтқа үрей туғызу. Ал, шын мәнінде дүниеде қазақтан да төмен ұлттар бар, олар өмір сүріп жатыр, олардың құрып кету қаупі жоқ. Осы қалам тартушы мырзалар құр сөзбен ғана әуре болмай, нақты іске көшкені жөн. Егер жазғыш болса, нақты тақырыпты тауып жазсын. Қазақта бір мақала бар «Құр сөйлеп білген жігіт жігіт емес, қышыған жеріңді айтқан жігіт – жігіт».

Қазақ мектептерінде қазақ тілінде жазылған кітаптарды оқыту пайдалы ма, әлде татар тілінде оқыту тиімді ме деген мәселе қозғалып жүр. Бұ да – маңызды мәселе. Бұл іспен ұлт тілі мамандары шындап айналысқаны жөн. Осы мәселеге мүдделі қаламгерлердің де сырт қалмағаны дұрыс.

Шын мәніне келгенде бастауыш білімнің әр ұлт балаларына өз ана тілдерінде болуында шүбә жоқ. Қазақ балалары да бұл жағын қуаттайды. Бұл жөнінде Дулатов мырзаның «Шораның» осы жылғы екінші нөмірінде жазған пікір өте дұрыс. Жаһандаровтың пікір қате. Ол қазақ тілінде жазылған кітаптар табылмайды, сондықтан татаршаны қазақшалап пайдалана беру керек дейді. Олай етуге болмайды.