ТІРШІЛІК ТАЛАСЫ

 Кең сахарада жайын өскен біздің қазақ баласына да тіршілік таласының заманы келіп жетті. Қазақ ішіне отарбалар салынып, жолдар ашылған соң, күн батыста тар жерде отырған елдер бөгеп тұрған кедергі алынған судай болып, қазақ сахарасына жайыла бастады. Бостаншылықта өскен қазақ ауылына тіршілік таласының қайнаған жерінен шыққан адамдармен қатар, тіршілік етудің оңай емес екендігі тез-ақ көрінеді. Жүздеп жылқы айдап, мыңдап қой айдаған мырзалардың күйі күнгөргішке қалады. Олардан соңғылары малдан айырылып, жалшылыққа, жер-жерге тоза бастады.

Кедейліктен бұрын тума қорлық-зомбылық, ауру-науқас, бұлар да біздің қазақ ішінен мекен тепті: шума, кезік сықылды аурулар қазақ ішіне жайылды.

Қазақ халқының мұндай халге түскені жоғарыда айтылған тіршілік таласына әзірленбей жайын наданшылықта жатқандықтан. Егер ұйқымыздан бас көтермей бұрынғыша жата берсек, шексіз тез заманнан дүние жүзінен көшпекпіз.

Сол себепті, дүниежүзінде қалғымыз келсе, адам баласын гәйри жан иесінен бір адамды бір адамнан артық еткен ғылым, өнер үйреніп, өзімізден ілгері кеткен халықтармен қатарласуға талап ету тиіс.