ТІРШІЛІК ТАЛАСЫ

Дүниедегі жан-жануарлардың тіршілігінен ілтипат салып қарасақ талассыз, тартыссыз тұрған заман көрінбейді: даладағы аңдар, ауладағы құстар, судағы балықтар һәнуз бірін-бірі жеуде, бірін-бірі талауда, адам баласының тіршілігіне қарасақ, талас-тартыстан бұлар да құр емес.

Бұл жан-жануарлар арасында тоқтаусыз дауам1 етіп келе жатқан таласты ғылым иесі адамдар тіршілік таласы деп атайды.

Тіршілік таласы деген сөз сондай бір талас, жеңілгенге рақым жоқ, жеңілгеннің күні қараң. Адам балаларының арасындағы тіршілік таласы мен хайуандар арасындағы таластың қаттылық, рақымсыздық жағынан айырмалары жоқ. Бір айырмасы сол: хайуандар тіс-тырнағын жұмсағанда, адам балалары бір-бірінен көбірек ақыл қаруын жұмсайды.

Ғылым, өнер иесі адамдар, яки халықтар тіршілік таласында үстем болып, надан, өнерсіз қалғандар әр-түрлі кемшілікте ғұмыр кешірумен жарлылық, су құйылмаған теректей болып қурап, ақырында дүние жүзінде өзі түгіл атағы да қалмайды.

Біздің қазақтың қарттары да тіршілік етудің қиын екенің сезген. Бұрынғыдан қалған мақал бар: «Мал арыстанның аузында, Түркістанның түбінде, біреу өлмей біреу күн көрмес» деген сықылды.

Тіршілік таласы дегеніміз соңғы заманда берігіректе күшейді. Күшеюге себеп, адам баласының көбеюі, жер-судың тарылуына гәйриләр2.

_________

1   Дауам – жалғасып деген сөз

2   Гәйри – ғайри және басқа кейбір жайлар