МАҚСАТ

                                             I

Істемеген ғамалдың сауабын кісіге беруге бола ма, жоқ па? Бұ турада ислам ғалымдары ығталафды1. Бір парасы – бенде ізгілік, жауыздықтың еш-біреуін де кісіге бере алмайды, жақсы болсын, жаман болсын әркім өз ғамалының жазасын өзі көреді деседі. Бұлардың нақылы уа ғақылы болған дәлелдері бар: нақылы дәлелі нәжім2  сүресіндегі қазақша мағынасы былай: «Ешбіреу екінші біреудің жүгін арқалауға жоқ. hәм өз ғамалынан басқадан адам пайда көру де жоқ». Мінеки бұ аят қарималардың3 мағынасынан біреу үшін біреудің ғазапты яки сауапты бөле алмауы шығады. Бұ аятты жоққа шығаратын екінші бір бұған лайық қуатты хадис жоқ. Ахбар аяттарын4 ешкім жоққа шығара алмайды.

Ақыли дәлелі пайғамбардың хадисі бойынша айтылады. Сауап деген нәрсе жәннатқа кіру, ғазап деген нәрсе тамұққа кіру деп айтылады. Бұларды бір адам екінші біреуге мырзалық етіп бере алмайды. Неге десеңіз бұлар адамның мүлкі, яки ықтиярындағы зат емес. Мүлкінде болмаған затты адам кісіге де бере алмайды. Бұлай болғанда Қалдыбай хажыға барып, Молдыбайды жұмаққа кіргізе алмайды. Сондай-ақ, Сәрсенбінің ұрлығы үшін Дүйсенбі тамұққа да түспейді.

_____________ 

1 Ығтилаф – қайшылық.

2 Нәжім сүресі – жұлдыз сүресі.

3 Аят-қарималар – қасиетті аяттар.

4 Ақбар аяттары – аят арқылы баяндалған хабарлар.  


Екінші пара ғылымдар айтады: «Адам жауыздықтың кінәсін кісіге арқалата алмаса да, ізгіліктің сауабын басқа біреуге бағыштауға болады» деп. Бұлардың дәлелдері аят емес, хадис. Хадис кітаптарында түрліше айтылған бір уақиға бар: пайғамбарымыз саллаhу уа ғаиhиссалам1  бір уақытта екі қарала қошқарды құрмалдыққа шалып, біреуді өзіне, екіншісін бүтін үмбетіне бағыштаған екен. Егер біреу үшін біреу сауап таппайтын болса, шариғат түзуші пайғамбар тиіссіз орынға қошқарын шалмас еді. Және де Хазірет Ғали риза аллаhутағала ғанhиден2 риуаят3 айтылыпты: «Кімде кім қабирлердің  жанынан өткенде «Құлхуалла ахат» сүресін он бір мәртебе оқып, сауабын сондағы өліктерге бағыштаса, солардың санынша оның өзіне де сауап болар»,– деп. Және де арабтың Хашым деген тайпасынан бір әйел расулімізден сұраған екен: «Әкем көлік үстінде отыра алмастай қартайған шағында хаж парыз болды, оның үшін мен хаж етсем бола ма?» деп. Расуліміз: Бәлі, болар» дептімыс. Осындай  әңгіме етілген хадистер көп. Бұлардың әрбіреуі жалғыз-жалғыз қарағанда хабар уахид деген әлсіз хадистерден саналса да бәрін жинап, .       .         .        .          .         .        .              .        .        .        .  . түптегенде әдәуір күшейеді, яғни бағзы бір ғамалдардың сауабын кісіге бағыштаудың пайдасы жоқ емес – бар екендігі анық-ақ шығады. Әрбір пірді хабар уахид болса да қадыр мүштариғы4 хабар мәшhүр дережесіне жете жазады. Жиналған хабарларменен мына аятты мансұқ жасауға болмаса да, заhир5 мағынасынан бұрыңқырап жоруға болады. Үсул фақи ғұламасының тілдерінше айтқанда хадис мәшhүрлерменен аят насих етілмесе, ол жәйлы түсінік беруге болады. Бұлай болғанда манағы аят каримеге6 бұлай деп мағына береміз деседі:

_____________                

1 Саллалаhу уа ғаиhиссалам – «пайғамбарға рахым қылсын, денін сау қылсын» деген бүкіл үмбетінің тілегі.

2 Риза аллаhутағала ғанhиден – «Алла риза болсын» деген сөз.

3 Риуаят – аңыз әңгімелер.

4 Мұштариғы – шариғат шежірелері.

5 Заhир – ашық.

6 Аят кариме – қасиетті аят.


Ешбір адам екінші бір адамның ғамалынан өзі мырзалық етіп бермесе, пайдалана алмас. Бұлайша аятты тақид1 еткенде, әлгі хадистерменен шалыс келмейді.

Хош енді, бұл соңғы ғалымдардың жолын тұтсақ, соның өзінде де әрбір ғамалды біреу істеуге болады деуге болмайды. Бұ ғалымдардың өздер-ақ ғамалды үшке бөледі:

1)    тәнменен ғана болатын ғамал.

2)    малменен ғана болатын ғамал.

3)    тәнменен де, малменен де бірдей болатын ғамал.

Кітапша айтқанда: Ғибадат бәдение2, ғибадат малия3, ғибадат мархабата миналмалие4, уәл бәдәния5. Бұлардың тәнменен ғана болатын намаз, ораза сияқты ғаламдар наиб болмайды. Неге десеңіз бұ ғамалдардың мақсат-мұраты адам өзі қиындық шегіп, жанын ауыртып тәңірісіне бүгілу, бойұсыну болады. Әлбетте, ешкім де «менің үшін сен тәңірі» ғана болатын зекет секілді ғамалдар да наиб болады. Оның үшін мұндай ғибадат малиялардың мақсаты халі келген кісі дәулетінің шүкіранесін6 өтеп, жарлы-жақыбайға, миллет7  пайдасына кісіге бұйырып еткізсе де болады.

_____________                

1 Тақид – түсінік, түсіндіру.

2 Ғибадат бәдение – дене қимылы арқылы жалбарыну, бойұсыну.

3 Ғибадат малия – қазына, дүние, мал арқылы жалбарыну (игілік арқылы)

4 Ғибадат мархабата миналмалие – материалдық игіліктер арқылы қайырымдылық жасау.

5 Уәл бәдәния – дене қималы арқылы жалбарыну.

6 Шүкіране – алғыс айту.

7 Миллет – ұлт, қауым.


Ал, енді, үшінші, малменен, тәнменен бірдей болатын ғамал хажы ету секілді деседі. Бұның екі жағы бар. Тәнменен болуына қарағанда намаз секілді болып, наиб болмауы керек. Малменен болуына қарағанда зекет секілді болып, наиб істесе де жарау тиіс. Екі жолменен бірдей пайдаланып, ғұзыр1 болғанда, қарттық, аурулық сияқты халдерге ұшырағанда, малдық жағын ықтиярға алып, кісіге істету дұрыс болу тиіс. Алайда, өзі сау-саламат болған уақытта наиб істей алмайды деп фәтуа беріпті. Бұл соңғы пара ғалым-дүр.

Зағиф болған уақытта орнына кісі жіберу дұрыс деген ғалымдардың өзі және екіге бөлінеді: бағзыларының пікірінше, хажы жіберуші мойнынан түседі. Әмма имам Махмұд Садыр әл-ислам Испиджаби Қазихан Шайхыслам секілді атақты мұжтаhид2 уә ғалымдардың ижтиғат уа тарихижлерінше3 хажы істеушіден кетеді, бұйырушыға тек нәфәха4  сауабы ғана жетіседі. Хәттә5 барушының мойнынан хажы парызы да түсер еді, тек ихрам 6 ниетінде өзінен деп ниет етпеген соң парыз болмайды.

_____________                

1 Ғұзыр – рұқсат ету.

2 Мұжтаhид – ыждағатты, ықыласпен дінді үйрену

3 Ижтиғат уа тарихижлерінше – ықылас қою, берулі.

4 Нәфәха  – несібе.

5 Хәттә - тіпті.

6 Ихрам – Харам


Бәлки, нәфіл1 болып, өз мойнынан кетеді, нәфілге тағайын ниет шарт емес. Бәдел-хажы хақында «Мұхтабар фақай» кітаптарында айтылған сөздердең қорытындысы осы ғана. Бұ сөздерден біз ойласақ мынау төменгі сөздерді шығара аламыз.

1) Ислам ғұламасы арасында түбегейлі ғибадаттың сауабын қай жөніменен болса да кісіге бағыштау хақында талас бар. Дұрыс көрушілер хадистерден шығарады. Аят емес hәм «Хабар уахид» деген әлсіз хадистер. Дұрыс емес дегендер мықты аяттардың заhирмағынасына жабысады.

2) Бәдел-хажы хақында Құран-кәримде дұрыстаған сөз жоқ, дұрыс болмауын білдірген сөз бар.

3) Бәдел-хажы хақында пайғамбар саллаллаhу уа ғайиhиссалам заманында ешбір оқиға мағруф3 болмапты. Тек бір әйел адам қарт зағиф атасы үшін, о да оны әуелде парыз болмаған, зағифтанған соң қарыз болған дейді.

– Барайын ба, – деп сұрағанда:

-   Барсаң бар дегендей бір сөз айтыпты расул – дейтін бір риуаят бар. Бұ риуаяттың қате екені өз сөзінен-ақ шығып тұрады. Неге десеңіз, онда айтады: – әкем қартайып, көлік үстінде отыра алмайтындай халге келгенде хажының парыздығы жетті, оның үшін мен хажы істесем дұрыстайсыз ба, – деген болады.

Халбуки, ондай кісіге хажы өзі парыз емес. Имам ағзамның тахир риуаятта орнына кісі жіберу де қажет емес. Ғұлама арасында талас сонда: әуелі сау күнінде парыз болып соңынан зағифтанып қалса.

4)    Тәнменен болатын ғамалдарда бірлікке келсе рұқсат етумен болсын, тілесе рұқсатсыз болсын, наиб істеу дұрыс емес.

5) Тәнменен, малменен бірдей болатын ғибадаттардан хажды санапты бағзы ғалымдар.

___________           

1 Нәфіл – намаз шарттарының бірі.

2 Заhир – ашық.

3 Мағруф – мәлім, анық.


Бұлайша хажды тәнменен, малменен бірдей болатын ғибадаттардан санауды қате демін. Бұлардың қателесуінің ыспатын hәм не себепті қателенгендерін түсініп білу үшін әуелі соны білу керек. Малменен болатын ғибадат не, тәнменен болатын ғибадат не?

Шариқ шариф назарында малменен болатын ғибадат деп соны айтар: онда мақсат-мұрат әлді адамдар фақыр бұқараға hәм халық пайдасына жәрдем ету, жалғасу болады. Мәселе мұны зекетте малы нысапқа толған кісі қырықтан бір үлесін тиісті орындарына сарп етілмек керек. Міне, бұл малменен болатын ғибадат деп аталады.

Тәнменен болатын ғибадат сол болады: онда мақсат-мұрат тәңір тағалаға тағзым ету, пендешілік көрсету болады. Бұ тәнменен болатын ғибадаттарды пайғамбарымыз қалай істеуге бұйырған адал ниетпенен солай істеу тиіс болады. Қайсысында бүгілу, жығылу, қайсысында айналу, жүгіру. Міне, біз бұ сөздерге түсінсек, хажының малменен болатын ғибадаттан емес, адал тәнменен болатын ғибадаттан екеніне де шүбәмыз қалмас. Оның үшін хажды ешбір фақыр-бұқараға мал сарп етуді мақсат етпей, өзге орынға мал сарп ету деген сөз шариғатта айтылмаған.

Дұрыс хажыға барушылар ондағы дәлелші шырақшыларға беріп қайтса да, бірақ, ол берулері шариғаттың міндет етуіменен емес. Бәлки, со дәлелшілердің алдау уа хайлаларыменен мұнан барған нандық надан хажылар оларға беруді де хаждық бір паразы екен деп біледі де бере береді. Жығылса да бағыш, тұрса да бағыш. Біздің шариғат заңында ондай қауымдарға дәулетін шашсын деген бұйрықтар аллаға шүкір ұшырамайды. Бұған иланыс қылмаған кісілер араб тілін үйренсін де тұп-тура Құран кәримді оқып, біліп, ішінде бәдел, молаға түнеу сияқты бұйрықтар тапса, шариқ шариф сын тақсын.


Сөзіміз хаждың мал сарп ету мақсат болған ғибадаттан емес тәнменен ғана болатын ғибадаттан екендігі, кітапша айтқанда: хаж болу малменен ғана емес, жан-тәнімен берілу екендігі хақында еді.

Бір пара ғалымдар мұнда мал жағы да бар деуі «хаж халі жеткен кісіге парыз» дегеннен шығып кеткен бір сөз. Хаждың малы бар кісіге парыз болуынан ғибадат деп мал, мүлкін жіберуден ешнәрсе шықпайды. Мал хажының мақсаты емес. Тек шарты. Шарт болғанда жұрттың бәріне бірдей шарт емес. Әуелі алыс адамдарға ғана шарт. Елі қашық адамдар көліксіз, тамақсыз баруы қиын үшін аллатағала кәміл рақымымен оларға хажды парыз етіп күштемеген. Әмма әуелі Мекке шаhарында жақын жер болмаса, шаhардың ішінде болған кісілерге бай болсын, жарлы болсын – бәрібір парыз. Хәттә елі қашық болып, бай болған кісілердің өздері-ақ бір тиын мал шығармай, мәселен, біреуге жабасып барса, онда да кемдігі жоқ, мойнынан парызы түседі.

Ал енді хаж ғибадат жан-тәнімен, ниетімен болса, оған наиб болмайды. Яғни, бәдел жіберу дұрыс. Соның үшін де бұ бәдел нәрсе пайғамбарымыз заманасында hәм сахаба1 заманасында мәлім болмаған. Хашим қауымы туралы хадисте айтылғанын ғана білеміз.

___________     

1 Сахаба – пайғамбардың сарбаздары, көмекшілері.


                                          II

Шариғат исламның бұ жоғарыда айтылған нақыш уа ғақыли дәлелдерін бір жаққа тастап, Хашимия деп аталған бір әйелдің уақиғасын дініміздің бір тарауынан саналған хаж хақында дәлел етіп, таянып, дұрыстыққа шығарсақ, сонда оның дұрыстығы қай шекте уә нендей дәрежеде болмақ керек? Парыз ба? уәжіп пе? сүндет пе? Егер парыз яки уәжіп болса, ол уақытта әлбетте Құран кәримде бұның хақында бір аят кәриме енген болар еді. Құран кәримде бұның хақында сөз жоқ екені жоғарыда айтылады. Хадиске келсек, әлгі араб әйелінің риуаятынан басқа хадис тағы жоқ. Әлбетте, бұ хадистің өзі ойлап қарағанда әлсіздігімен қатар, мағына жағымен қарағанда аят керимеге қарсы болған қайшы хадис. Үйткені хадистің сөзінде «қартайып, зағифтанған соң әкем хаждың парыздығына ден қойды» дейді. Бұл әл ғимран сүресіндегі аятына қарсы. Бұ себепті бұ хадис дұрыс болмайды. Пайғамбарымыз саллалаhу уа ғайhиссалам айтқан сөз болып шықпайды.

Барлық үммет дәлел болар деуге ғұламамыз арасында бұ турада зор иғталаф1 бар. Қайшылықты мәселені ойменен дұрыс деп айтуға болмайды. Енді қияс қалды.

___________     

1 Иғталаф – қайшылық.


Қияс болғанда бақара сүресіндегі оразадан ғажиз1 болған шеих фанилар2 хақында әрбір күн үшін бір-бір міскін

тағамландыру міндет деген аят кәримеден шығарып, сондағы оразаға қияс етілмек керек. Ләкин3 ұсыл фақи ғылымында баян етілгендей қиястың шарттарында ондай сөздер кездеспейді. Сол себепті олар ораза кезінде пікір беруді мақұлдайды (кітаб таузих, 24 бет).

Ғибадатты нағыз ғақылменен ыспат етуге тағы болмайды. Міне, бұ себептер үшін «Бәдел хаж парыз да емес, уәжіп, те емес», деген сөзіміз шариғ шарифтін түзілу жолына лайық сөз болып шығады. Бәделхаж парыз болмаса, «Сүндет болады дағы» дер едік, жоқ, сүндет те емес. Неге десеңіз сүндет деген пайғамбарымыз саллалаhу уа ғайhиссаламның ғадет еткен, жә бірде болмаса бірде істеп жүрген ғамалдарына айтылады. Пайғамбарымыздың бәдел-хажы бармағаны, пайғамбар түгіл сахабалардың уа барушы болмағаны талассыз мағлұм.

___________    

1 Ғажиз – әлсіреген, кемтар деген мағынада.

2 Шеих фанилар– бастаушылар.

3 Ләкин – алайда, бірақ та, дегенмен.


Бұ жерде ойға келсе келер деген бір ой бар. Оны да айтып кетейін. Құрметті оқушылар өз көздеріменен көріп, жан-жағына шығып толық байқасын, күмілжі орындар көздеріне түспей қалмасын. Толық байқап алғанның соңында қате тере беруші болмас. Ол ой мынау: бұ бәдел-хаж деген нәрсе негізгі хажының орнына істелмей ме? Орнына істелсе, өтеу хұкімінде болады ғой. Қаза болса, «Ұсул фақи» кітаптарында баян етілуінше оған өз алдына дәлел қажет емес. Хаждың негізі өзінің парыздығы хақында келген аят керимелер бәдел-хаж хақында да дәлел болуға жарамай ма? Бұ сауалға беретін жауабымыз: ұсыл ғұламасы1 қазаны2 екіге бөлген. 1) Адамның өзі сияқты ақылы жетіп hәм адам өз қазасын өзі өтеу бар-қаза қылған намазды сол қалдырушы кісінің өзі оқып өтеу секілді. Мұндай қаза үшін жеке дәлел керек емес. 2) Бұлай болмаған қазалар–мысалы, зағиф қарт кісі ораза үшін фақыр – міскінді асырау. Хаж үшін өзі бармай, кісі жіберу секілділер. Бұлар да ада етудің, өтеудің дәлелі. Қазаға дәлел болып жетпейді. Өзіне жеке дәлел керек болады.

__________     

1 Ұсыл ғұламасы – білімдар, оқымысты, ғұлама.

2 Қаза – бұл жерде әртүрлі себептермен істелмей қалған, уақыты өтіп, яғни қаза болған іс.


Бұ орында «Кітап таузиқтың» бабынан бір хабарды көшірейін, ылғи арабшаға әдет етіп үйреніп кетіп, түрікше айтылған сөзді мағынасы дұрыс болса да елей қоймайтын молдекемдердің көңілдеріне күпті болып қалмас үшін мұның мағынасы жоғары  айтылған сөздердің дәл өзі болған соң қайталамадым. Бұ екінші түрлі қазаларда жеке дәлел керек болғанының бір мысалы: Әне, ораза хақында бақара сүресіндегі мына аят кәриме дәлел еді. Енді қарт зағиф кісі өзі тұтпай, міскін асырау хақында ол дәлел жетпегені үшін сол бақара сүресіндегі мына аят кәриме келіп түсті...

Әмме бәдел-хажы хақында тиіс еместігін білдірмесе, тиістігін білдерген аят жоқ екенін айттық. Хашима хадисінің де зағифтігі үстінде, мағына жағынан дұрыс хадис емес екеніне дәлел еттік. Егер, бәдел-хаж парыз, ия уәжіп болса құдайтағала кәримінде анау қарт, зағиф кісінің оразасындағы секілді бір аят ендірер еді, құдайтағаланы ғафілдік1 еткен болар – ұмытып кеткен болар деуге болмайды ғой.

Хош, енді бәдел-хаж парыз да, уәжіп те, сүндет те емес екені анық болды. Енді бұ не болады? Мұстахаб2 болады дағы дейміз бе?

Аттарын атап кетейін,

Айтар сөзім жанама.

Жанап айтқан сөзімді

Жадтарына ала ма? –

деп бір сапарға атамай қалдырып бара жатқан бәделші хажы әфенділердің қателері үшін мұстахаб болар деушілер де ғажап емес, болса болар.

____________

Ғафіл – өкіну, қапы қалу.

2 Мұстахаб – намаз шарттарының бірі.


Әмма, мен өзім бұ заман бәделшілерінің қылықтарына қарағанда бәдел-хажы мустахаб та емес. Бұрын мустахаб болса да бұ заманда бәдіғат деймін. Оның үшін бәдел-хаж бұ заманда ғибадат сипатын жойып дүниауи бір санағат1 кәсіп хүкіміне кірді. Арабстан жерінен hәр бірнеше мың сүрүңкі2 қаралар шығып, дүниенің hәр құрлығына жайылып, бәдел іздейді. Со бәделді табудың жолында неше түрлі сипатқа кіреді. Бұлар осы хаж бара алмай өліп кеткен мұсылман қарындастарын3 аяп, жандары ашып соларды міндеттерінен құтқарайын деп жүр дейсіз бе?! Тіпті олай емес. Оларға тек ақша түссе болды. Олар милеттің тамырын шірітіп жатқан құрттар. Біздің ислам милетінің құлдырауына, кейін қалуына осындайлар себеп болған оларды «дәлел мұжауір» «пәлен-түген» деп қағаз беруші моллалар бізде көп болған секілді.

____________

1 Санағат – жасанды.

2 Сүріңкі – сіріңке қара деген болуы ықтимал.

3 Қарындастарын – туыстарын.


Бала-шағасын асырап отырған жалғыз көк шолақ қанайын1 жегіп, өзі көшір болып ел құртып, әлгі қараларды алып жүрген қасқа надандар да жоқ емес, бар. Баяғыда өстіп жүрген біреулерді көргенде Өте деген қазақтың бір ақыл иесі қарты айтып еді: жақсы кісі еліне де керек, бұлар бір қаңғып жүрген жартыбас, осындай жартыбастарға жалынбадың деп кіргізбейтін болса, жаннатқа мен кірмей-ақ қояйын деп. Сөз-ақ емес пе?! Алланың рахметінде болсын, тек осы тауып айтқан бір сөзінің құрметіне-ақ рахымы кең құдайым жаннаттың бір бөлмесін ол қарттан, иншалла, аямас.

Нағыз сауап үшін бәделге барып жіберушінің қалған ақшасын өзіне, иә мұрагеріне қайтарып бергенін жалғыз мен емес, басқалар да көрмеген шығар. Бір кісінің беделі үшін бір неше кандидаттар шығып, әрқайсысы да «Мен барам, мен барам» деп таласып, көп уақытта өкпе-назға себеп болып кеткенін де көрдік. Бұны не дейміз? Болса да дін, сауап үшін таласып жүрген шығар дейміз-дағы.

_________                        

1 Қанайын – жалғыз малы, қарасы.


 ҰЗЫН СӨЗДІҢ ҚЫСҚАСЫ

Бәдел-хаж парыз емес, уәжіп емес, сүндет те емес, ең болғанда пайдасыз бір ғамал. Тіршілікте хажға күші келсе, әркім өзі баруы керек. Ал енді қай ретпенен болса да бара алмай қалса, ол халде бәдел жіберіп еш нәрсе бітпейді. Ол ақшаны бәделге ысырап қылғанша өз еліндегі тиісті орындарға сарп ету керек. Ол ақшаменен шәкірт оқыту керек. Ол ақшаға мұғалім сақтап, мектеп тәрбиелеу керек. Ол ақшаны мұқтаж көрші hәм жақындарына беріп, аштықтан, жалаңаштықтан сақтау керек. Расуліміз саллалаhу уа ғайhиссалам айтыпты: «Жәбірайыл періште мені бойлайы көрші хақында үгіттей береді. Тіпті осыменен мирас та әперер-ау деп ойға қалдым» – деген болады.

Дін басшымыз осылай мұқияттықпен бұйырып тұрғанда, біз пақыр көрші уә жақындарымызға берілуге тиісті хұқты «Бәдел» деген пайдасыз бір орынға сарп қыламыз. Көп уақыттарда халді адамдарымыз ақыр ғұмырында бір мың, яки бес жүз сом ақшаны бәдел үшін беруге өсиет етіп кетеді. Алайда, со адамдардың көрші hәм жақындарын да нешеулер бала-шағасын асырай алмай, кірерге үйі, киерге киімі де болмай сандалып, әркімнің есігінде жүреді.

Бұларды аяп халіне кіру, жәрдем-ақыл беріп, жолға салу бәделдей ғана емес, күштірек парыз болса керек. Осыларды көрмей, малын бәделге ысырап қылған кісі жарлы, жақын hәм көршілерінің бар киім тамағын сыпырып алып барып, су түбіне тастап кеткенмен бірдей.

Міне, бұ айтылған себептер үшін мың сом беріп Арабстанға жіберуден, бір үйлі жанды аяққа бастырып, шаруасын жолға салуға жұмсау мың есе артық, мың есе міндет. Хақ шариғаттың жолы «бір кісіні тұрғызу мың кісіні тұрғызумен бара-бар» деген Құран кәримнің бұйрығы да осы. Бұ рисаланы жазғандағы бар мақсатымыз да осыны халқымызға анық көрсету, түсіндіру. Бұ ғана емес, бізде мұндай жазып, айтып түсіндіру тиіс болған орындар көп. Байлар малын, моллалар уағызын, білгіштер пікірін, ділмарлар шешендігін осындай елге зарарлы нәрселерді қалдырып, татулық, тыныштық, адал кәсіп секілді пайдалы нәрселерді жаюға жұмсаса, бұл ел азбас, тозбас еді. Көзі ашық елдердің қолданған жолы осы. Оларда білік, дәулет, мүлік құла далаға шашылмайды.