МАҚСАТ

                                             I

Істемеген ғамалдың сауабын кісіге беруге бола ма, жоқ па? Бұ турада ислам ғалымдары ығталафды1. Бір парасы – бенде ізгілік, жауыздықтың еш-біреуін де кісіге бере алмайды, жақсы болсын, жаман болсын әркім өз ғамалының жазасын өзі көреді деседі. Бұлардың нақылы уа ғақылы болған дәлелдері бар: нақылы дәлелі нәжім2  сүресіндегі қазақша мағынасы былай: «Ешбіреу екінші біреудің жүгін арқалауға жоқ. hәм өз ғамалынан басқадан адам пайда көру де жоқ». Мінеки бұ аят қарималардың3 мағынасынан біреу үшін біреудің ғазапты яки сауапты бөле алмауы шығады. Бұ аятты жоққа шығаратын екінші бір бұған лайық қуатты хадис жоқ. Ахбар аяттарын4 ешкім жоққа шығара алмайды.

Ақыли дәлелі пайғамбардың хадисі бойынша айтылады. Сауап деген нәрсе жәннатқа кіру, ғазап деген нәрсе тамұққа кіру деп айтылады. Бұларды бір адам екінші біреуге мырзалық етіп бере алмайды. Неге десеңіз бұлар адамның мүлкі, яки ықтиярындағы зат емес. Мүлкінде болмаған затты адам кісіге де бере алмайды. Бұлай болғанда Қалдыбай хажыға барып, Молдыбайды жұмаққа кіргізе алмайды. Сондай-ақ, Сәрсенбінің ұрлығы үшін Дүйсенбі тамұққа да түспейді.

_____________ 

1 Ығтилаф – қайшылық.

2 Нәжім сүресі – жұлдыз сүресі.

3 Аят-қарималар – қасиетті аяттар.

4 Ақбар аяттары – аят арқылы баяндалған хабарлар.