МАҚСАТ

 ҰЗЫН СӨЗДІҢ ҚЫСҚАСЫ

Бәдел-хаж парыз емес, уәжіп емес, сүндет те емес, ең болғанда пайдасыз бір ғамал. Тіршілікте хажға күші келсе, әркім өзі баруы керек. Ал енді қай ретпенен болса да бара алмай қалса, ол халде бәдел жіберіп еш нәрсе бітпейді. Ол ақшаны бәделге ысырап қылғанша өз еліндегі тиісті орындарға сарп ету керек. Ол ақшаменен шәкірт оқыту керек. Ол ақшаға мұғалім сақтап, мектеп тәрбиелеу керек. Ол ақшаны мұқтаж көрші hәм жақындарына беріп, аштықтан, жалаңаштықтан сақтау керек. Расуліміз саллалаhу уа ғайhиссалам айтыпты: «Жәбірайыл періште мені бойлайы көрші хақында үгіттей береді. Тіпті осыменен мирас та әперер-ау деп ойға қалдым» – деген болады.

Дін басшымыз осылай мұқияттықпен бұйырып тұрғанда, біз пақыр көрші уә жақындарымызға берілуге тиісті хұқты «Бәдел» деген пайдасыз бір орынға сарп қыламыз. Көп уақыттарда халді адамдарымыз ақыр ғұмырында бір мың, яки бес жүз сом ақшаны бәдел үшін беруге өсиет етіп кетеді. Алайда, со адамдардың көрші hәм жақындарын да нешеулер бала-шағасын асырай алмай, кірерге үйі, киерге киімі де болмай сандалып, әркімнің есігінде жүреді.

Бұларды аяп халіне кіру, жәрдем-ақыл беріп, жолға салу бәделдей ғана емес, күштірек парыз болса керек. Осыларды көрмей, малын бәделге ысырап қылған кісі жарлы, жақын hәм көршілерінің бар киім тамағын сыпырып алып барып, су түбіне тастап кеткенмен бірдей.

Міне, бұ айтылған себептер үшін мың сом беріп Арабстанға жіберуден, бір үйлі жанды аяққа бастырып, шаруасын жолға салуға жұмсау мың есе артық, мың есе міндет. Хақ шариғаттың жолы «бір кісіні тұрғызу мың кісіні тұрғызумен бара-бар» деген Құран кәримнің бұйрығы да осы. Бұ рисаланы жазғандағы бар мақсатымыз да осыны халқымызға анық көрсету, түсіндіру. Бұ ғана емес, бізде мұндай жазып, айтып түсіндіру тиіс болған орындар көп. Байлар малын, моллалар уағызын, білгіштер пікірін, ділмарлар шешендігін осындай елге зарарлы нәрселерді қалдырып, татулық, тыныштық, адал кәсіп секілді пайдалы нәрселерді жаюға жұмсаса, бұл ел азбас, тозбас еді. Көзі ашық елдердің қолданған жолы осы. Оларда білік, дәулет, мүлік құла далаға шашылмайды.