АЛҒЫ СӨЗ

Болмашы бір себептермен басталып, елдің надандығы арқасында өршіп, күшейіп кеткен нәрселер бізде көп. Олар өзі әуелі басталуында мүбақ1 бір ғамал2  болса да, бара-бара парыз3 ия уәжіптерден4 де озып кетісіпті. Соған байланысты заманымыздағы мағруф5 жәйлардың бірі – бәдел-хажы. Ғылым, ағарту сияқты еліміздің көзін ашып алға жіберетін орындарға жұмсалуы тиіс болған қаржы-қорлардың құран шариф6 бұйырмаған шариғат негізі ыспат7  жерлерге шашылуы бұ шығарманы жазуға мені күштеді.

Бәдел-хажы хақында шариғат халимасы8 арасында болған түрлі сөздерді «Пидая шарқи», «Фатих әл-қадир» кітабынан алдым. Өз көзіменен көргісі келген со кітаптың «хаж ғаніл ғайр» деген бабына барып қарай қойсын. Хажылықты өтеу қағидаларын мәшhүр «Таузих» кітабынан көшірдім. Әлсіз, шашыранды аңыз-әңгімелерді алудан сақтануға тырыстым. Оқып, қатесін тапқан кісілердің шағыс-арыздарын, саф сөздерін қабыл етуді көппен бірге мен де бірінші міндетім деп санаймын.

___________

1 Мүбақ – намаз шарттарының бірі, істесе сауап болады, істемесе күнәлігі жоқ.

2 Ғамал – әрекет, қағида, ереже мағынасында.

3 Парыз – міндет.

4 Уәжіп – бұ да міндеттің бір түрі.

5 Мағруф – белгілі.

6 Шариф – қасиетті.

7 Ыспат – дәлел.

8 Халимасы – бұ жерде заң, қағидасы мағынасында.


Бұ рисаланың9  ішінде басты алты түрлі орын жайынан сөз сөйленеді: 1) Кісі үшін ғамал етіп, сауабын бағыштау хақында ислам ғұламасының түрлі сөздері. 2) Кісі үшін хаж етудің басы қайдан шыққан? Дәлелі не? 3) Бұ дәлел аят10 па, хадис11 пе, қияс12 па, ұжмақ13 па? 4) Бәдел-хажы парыз ба, уәжіп пе, сүндет 14  пе, мұстахап15 па? 5) қазіргі уақытта бәделдің кәсіп-сауда жолына кіруі. 6) Ұзын сөздің қысқасы.

 

____________

9 Рисала – мақала. Бұ жерде шығарма мағынасында.

10 Аят – құран сөзі, құранның аяты, бір мағына берерлік сөз тіркестері.

11 Хадис – пайғамбар сөзі.

12 Қияс – ел аузындағы қиялы әңгімелер.

13 Ұжмақ – бейіш.

14 Сүндет – өтуге тиісті міндетті іс.

15 Мұстахап – намаз шарттарының бірі.