IX ЖАСЫРАҚ УАҚЫТЫМДА

Егер бір адамдар өздеріне міндет болған кәсіп, өнер жолын қойып, жалқаулық, іссіздік жолына кірселер һәм басқаларды сол зарарлы жолдарына дағуат1 етселер, ол адамдар «миллат» тіліндегі бір-бір ауру себепті шіріген ағза хүкімінде болып, ол ағзаларды тезірек кесіп алып тастамаса, бүтін тәнге жұғып әлек етуіне шүбә жоқ..

Заманымызда мәшһүр салқын сопылық жолы осы миллатымыз тәніне пайда болған зарарлы жұқпалы бір ауру хүкімінде-дүр. Бұ ауру себепті көп адамдар өздеріне міндет болған кәсіп, өнер жолын тастап, «миллат» тәнінде шіріген бір ағза болып тұрмақ та. Һәм ғайырларды2 да бұ жолға үйдегендері үшін бұ зарарлы ауруларын басқа сау ағзаларға да жұқтырмақ-дүр.

Білігі жеткен, сөзі өткен адамдарымыз бұ аурудың ғылажына қарап, жазылмастық болғанда миллат тәнінен кесіп тастамасалар жұға-жұға бүтін миллатты бір күн әлек етуінде шүбә жоқ. (Афғани хазіреттің хұтбасы бұ жерде тамам).

Бұ екі хакімнің сөздері мені қиял дариясынан шығарды.

Алла риза болсын – һәр екісіне де міннәттармын3.

_____________

1 Дағуат – түсіндіру, үгіттеу.

2 Ғайырлары – басқалары.

3 Міннәттармын – қарыздармын.