IX ЖАСЫРАҚ УАҚЫТЫМДА

Жасырақ уақытымда мен бір сопылардай-ақ бір мүрид едім. Шариғат ғылымынан жақсы ғана хабарым бар - өзімше ойлағанда ғылым мен сопылықты бірдей жиған кәміл адам болмақ едім. Ас-су ішпей, қатып-семіп, тілімді таңдайға жабыстырып, сол жақ емшек астындағы екі елі шамасында қалып1 деп аталған бір орынға ышқынып – көңілімнен «алла, алла» деген сөздерді айтып жүргенде, аяғымның ұшына қарап қана жүруші едім.

Ол уақыттарда түсімде, бағзы бір халде өңімде көп ғажаптарды көрдім. Көрген сайын рахатымды арттырдым: махамнан махамға көштім, ақырында сол шекке жеттім. Барша тәнім зікір айтқандай болып өзіме сезілетін еді. Күн санап  ләззатым, зауқым артты, бүтін дүниеден баз кештім. Ас жоқ, су жоқ, ұйқы жоқ, күлкі жоқ. Ойлаймын: Бұл бос дуниеге алданып не қыламын? Ел-жұрт әһік-хаялымды2 тастайын да, халақ  ғаламнан ғазелет етіп3 дүниенің бір шетіндегі ғазиздің қабіріне барып ғибадатқа мәшхүл4 болайын. Сөйтіп рухани ләззаттарымнан қанағаттанып ғұмыр кешейін деп бұл ой көңіліме бек берік орнасты. Һәм сол күн түсімде бір адам жаныма келді де: «изатехаир түм филаламурфастиғину минаһлилхабур»5 дейді. Ұйқымнан тұрдым да, ұстазым  хұзырынан қайтуға қарар бердім. Келдім һәм ұстазымнан былайша рұқсат сұрадым: «көп жыл хұзырыңызда тұрдым, шәрип нәсіп әзіріңізден хисапсыз пайдалар көрдім. Пайзылар6 хасіл еттім. Енді маған рұқсат беріңіз, қайыр, дұғаларыңыздан дарих7  қылмаңыз».

________________

1 Қалып – жүрек.

2 Әһік-хаялы - отбасы, үй-іші.

3 Халық ғазелет етіп - дүниені ұмытып.

4 Мәшхұл – шұғылдану, айналысу.

5 Әмірімнен жақсылық күтсең, қабірден басыңды көтер.

6 Пайзы – жақсылық..

7 Дарих – құр қалдырмаңыз.