IX ЖАСЫРАҚ УАҚЫТЫМДА

Ұстазым бек қайта әсерленеді де, бір қағазға жазып былайша жауап берді: «Бек бахил һәм дұғашымен сіздей ғазиз мүрид уә шәкірттерім халдери, жер шетінде жүрселерде сәхар1 уақытында ойақ шақларымызда2 күн секілді әшкерекөз алдымызда көрініп тұрады, мұны мақтанып айтпаймын, тәхәисән лилнеғмат зікір етемін»3.

Ұстазымның бұл сөздері  маған қатты әсер етті. Хақ керемет иесі екеніне көңіл қойдым. Шүңки оның жалған  сөйлемеуі өзіме шексіз мағлұм.

Бұлайша хиял дариясының толқындарынан шыға алмай, бірден-бірге ғаріп болып жүрген уақыттарымда ондай хияли хастерліктерден ғаламат халық арасында қадір-құрметі зор замана ғылымынан кәміл пәлсәпасымен хабардар бір адамның мәжілістеріне ұшырай бастадым. Әуелгі ұшырауымда бұ күндегі ишандық, мүридтік жолы пайғамбарымыз (С.Ғ.) заманасында болмаған бір бәдіғат4 екені сөз болды. Менің бұ сөзге бек ашуым келді. «Міскін адасулы екен, тоқта, мұны түсіндірейін» деп ойландым. Әм түрлі  жауаптар беріп, өзімше ол адамды қате жолдан тура жолға салмақ болдым. Айтылған сөздерді жұмсақ қана тыңдап бек жақсы жауап беруден «иншалла, ұстаз патихасында бұл адамды тура жолға салармын» деп үміт еттім.

Екінші, үшінші мәжілістерде ол мені жеңе бастады. Қуатты һәм жұғымды дәлелдері мені ешбір жаққа бұрылдырмасқа айналды. Солай да болса әлгі ұстазым тарапынан берілген хат маған зор арқа таяныш етті. Кереметтің барлығына һәм бұ күндегі шайқылардың нағыз хақ жолда екеніне ашық дәлел еді. Ғақбіт5 сол қағазды көрсетіп, ол адамды әлзам етпекші (жеңбекші) болдым.

________________

1 Сәхар – таң мезгілі.

2 Ойақ шақлар – ояу кездер.

3 Зікір етемін – еске саламын.

4 Бәдиғат – үйткені.

5 Ғақбіт – ақырында.