VII ЖОҚҚА ИЛАНУ

Тағы жынның түртуінен болатын болса, арасында керемет иесі ишандарды бек көп болған біздің қазақ халқында  болмасқа керек еді. Халбүки, осы өткен он жыл ішінде, біздің ішкі Ордалық қазақтардың өзінде ғана жеті мәрте тағы болды (ішкі Ордалығында һәм жақын атырабында мәшһүр ишан хазіретлері саны он төртке барды – дұрыс хисап қылғанда ишан басына екі тағы (чума) тиген болады дағы.)

Әр қайсысында да докторлардың иждиһаты себепті көтерілді, хазіреттер дұғасымен емес.

Көп қазақтардан естідім, бүй дейді: «ғажап бұл чума біздің қазақтан шықпайды, крандас1 отырған орыс қалаларында пышақ кескендей бір нәрсе жоқ» деп. Мұнда ғажаптанарлық бір зат жоқ. Белгілі: біздің қазақ халық бек надан, аурулардан сақтану ғамалын білмейді. Жұқпалы аурулардың хал-қадірін сұрайды. Өлсе, сүйегіне кіреді, сөйтіп бір кісі ауырса жүз кісіге жұғады. Дәхиде2 тіб  канондарына бойсынбайды, жұқпалы аурудан өлген кісінің киім, жиһаздарын өртеп жіберуге тиіс, оны жасырып алып қалысады. Мұныңыз қате десең, «алладан әмірсіз еш нәрсе болмайды деп баяғы ишан хазіреттердің құйып, сіңіріп тастаған һәм уахиялдарын (фантазиясын) айтады.
Қайтпек керек, бұның бәріне де надандық себеп, надан болмаса себепсіз бұл дүниеде еш нәрсе болмайды. Алла тағала өзі жаратқанда себеп дүниесі етіп жаратқан, ауырсаң да себеп, жазылсаң да себеп, тірілсең тағы  себеп деген сөзге түсінер еді. Себепті заттың себебіне кірісу алланың әміріне бойсынбай бола ма? Шөлдеген адам су сұраса, «алладан әмірсіз еш нәрсе болмайды» деп сусын бермеу жөнге сияр ма?

_____________

1 Крандас – шектес, жақын отыру, іргелес.

2 Дәхиде - әуеліде.