VII ЖОҚҚА ИЛАНУ

Надан адам жоқ, бар қасиеттерге инаушаң болады. Дүние жүзіндегі ғылымсыз надан халықтарға көз салып қараса, бұл сөздің ысбатты мысалдарын көруге  болады. Тауарих қағаздарын ақтарып қараса да, бұл бапта бек ғажайып оқиғалар көрінеді: мұнан 50-60 жылдар ілгері біздің мұсылман халықтар бек надандықтары себепті – ауруларын тиісті дарулармен ем жасатпаған, бақсыларға бақтырған; һәм ішінде қашып-пысып жүрген молда, надан ишандарға үшкіртіп, түкіріп әурелеткен. Қайсы бір ауруларды далада өскен бәйтерек ағашқа апарып неше күн сонда түнетіп, жансыз ағаштан медет-жердем талап еткен. Мұны ағашқа табыну демей не дейміз?! Мұнан артық та мәжуістік1 болар ма?! «табыну» деген – бір нәрседе басқаларда болмаған ғадетке хилаф2 рухани бір күш бар деп ығтиқат байлап, оны тағзым етіп, онан медет сұрағаны айтылады. «Табыну» тек түртіну деп ойламаңдар, әлгі айтылғанша бір нәрсені тағзым ету «табыну» болады. Бұл шекте тағзым бір алладан ғайры3, ешкімге еш нәрсеге дұрыс емес. Шариғат нәзерінде бұ да бір түртіну де бір. Түртінушілер бұтқа табынса, бұлар ағашқа табынған болады, еш айырма жоқ. Міне, бұларға себеп баяғы надандық. Мағрифатлі4 халықтарда мұндай оқиғалар болмайды. Оның үшін олар бек жақсы біледі, бұ ғаламда себепсіз ешнәрсе болмайды. Әлбетте әр аурудың бірнеше себептері болады. Тіб5 ғылымында көрсеткен жолмен ол аурудың себептерін қарап табады да, оны көрсетуге ғылаж6 етеді. Әйткенде үшкіріп, түкіріп, дұғалар оқып, я болмаса ағаштарға, зираттарға түнетіп, ғылаж еттірмейді.

___________

1 Мәжуістік – надандық, жабайылық..

2 Хилаф – қайшы, қарсы.

3 Ғайыры – басқа

4 Мағрифатлі – білімді, сауатты, оқыған.

5 Тіб –дәрігерлік.

6 Ғылаж – ылаж, амал