IV ӘР ҒАМАЛДЫҢ БІР РУХЫ, СЫРЫ БАР

Алланың жолы деген  сөз: ол құдіреті күшті алла тағала өз хүкіметі мен біздің бұ ғаламды себеп ғаламы етіп жаратқан, әр нәрсенің бір себебі бар – мысалы: екпей егін шықпайды, кәсіп-әрекет етпей ризық хасил1 болмайды, мал  жиылмайды; өнер-ғылымсыз кәсіп әрекет қолдан келмейді.

Енді, адамдар әр ісінде алланың көрсеткен жолымен жүрмесе, яғни себебіне кіріспесе, иждиат етпесе, ғылым-өнер үйреніп орнына қолданбаса, ол адамға иман келтіріп, оның әміріне бойұсыну болып табылмайды. Бәлки теріс жолға кіру: екпей егін күту әкесіз бала үміт ету болады – мұндай адамдардың намаз, оразасы да, өзіне әсер ете алмаған рухсыз (жансыз) бір ғибадат болады.

Мұндай өнерсіз, жалқау халықтар – ақында көрешегі өз алдына, дүниелде-ақ бек ащы жаза тартады. Тартқаны сол: басқа өнерлі, ғылымды елдерге құл болады. Қара басының билігі, ықтияры болмайды. Адамдар ретіне кіре алмайды, айуан деуге сорты келмейді; екі аралық жануар ретінде аяқ астында тапталып күні, дінінен бірдей айырылып ғақпетінде2 әлек болады. Бұл әлек болу мәнқарсыз3 болу деген нәрселер алла тағала тарапынан әзелден бері – жолыменен жүрмеген милләттерге (халықтарға) беріліп келе жатқан ғаділ бір жаза-дүр. Ғұмумән4 бүтін мұсылман – хұсусән5 біздің қазақ халқындағы бақ-дәулеттің кетуі осы жолсыз жүру һәм жалқаулық, бекерліктің жазасы-дүр. Жалқаулық, бекерліктің не дәреже қайырсыз бір нәрсе екенін, бұл төмендегі бабамызда ашық  баян етеміз.

______________

1 Хасил- пайда.

2 Ғақпетінде – ақырында.

3 Мәнқарсыз- күйреу, жоғалу.

4 Ғұмумән – қорыта айтқанда.

5 Хұсусән - әсіресе, өте-мөте.