IV ӘР ҒАМАЛДЫҢ БІР РУХЫ, СЫРЫ БАР

Әзелден әбдегеше, барша ғамалды, өз ретімен жаратқан, әм тәртіпке салған қожамыз тәңірі тағала, пенделеріне ешбір ғибадат уа  ғамалдарды бір-бір сыр, уа мақсұтсыз бұйырмаған. Мәгер адамдар бұ ғамалдардың әр қайсысында да жеңілдік һәм үстемдік етіп сыртқы суретін ғана жеріне келтірген болады әмме мақсұтынан мыстай ғапыл1. Халбүки, мұның кемшілігі, зарары бек көп – ең бас зарары сол: бұлайшы етілген ғибадаттардың адамға еш жақсы әсері болмайды: көңіл сынбайды, менмендік басылмайды. Сол себепті мұндай әсерсіз  ғамалдар заһирде2 суреті ғибадат болып көрінсе де, шын түбінде (алла хұзырында) ғамал болып табылмайды, ғибадат жүмлесінен есептелмейді.

Және соны түсініп кету тиіс: тек жалғыз намаз оқып, ораза тұту ғана аллаға ғибадат ету, бұйырығына бойұсыну болып бітпейді. Бәлки бұ дүние жұртында адамдарға тағаллықты3 нәрселердің әрбірінде алланың өзі көрсетіп қойған жолымен жүру керек болады, бұл алланың көрсеткен жолымен жүру ғибадаттың бек зоры. Алланың жолы деген не?

____________

1 Мыстай» ғапыл – мүлде өкініп қапы қалу.

2 Заһир – көрінісі.

3 Тағаллықты – қатысты, адамдарға тән.