VII ӘРКІМНІҢ ӨЗ ТҰРҒЫСЫ БАР ХАЙУАНДЫҚ ХАЛІНДЕГІЛЕР. ҚЫРҒЫЗ ЗИЯЛЫЛАРЫ

Дүниеде көзқарастары адамдық дәрежеден төмен де кісілер бар. Олар хайуандық халден шыға алмай қалған. Олар ішіп, жеу үшін ғана өмір сүрмек. Мұны олардың істері дәлелдейді. Пікірлі, парасатты адамдар мұны айқын аңғара алады. Хайуандық халдегі адамдар қолдарына мәнсап қағаздары тисе, тек өз құлқы үшін ғана, жақсы өмір сүру үшін ғана қызмет етпек. Қорыта айтқанда, бұл хайуандық халден шыға алмай қалғандардың арман-мұраты болып есептеледі.

Адамшылық көзқарасты қысқаша қорытсақ, ішу, жеу үшін емес, мағналы өмір сүру үшін ішіп, жеу керек. Осыдан барып бақыт деген жақсы, мағналы өмір мұраты туды. Сайып келгенде, бұл екі көзқарас арасында айырма бар.

Біздің қырғыз, қазақ халқында орта және жоғары медреселерде оқып шыққан жігіттер көп. Бұл жағына қарағанда келешегімізден біраз үміт күтуге болады. Осы жігіттердің халқына қызмет ету жағына келсек, әкімдік дәрежесіне тағайындалып, еңбек ақысын алу, дау-жанжалдардың ішінде болу, арақ ішіп есіру, күн-түн қарта ойнап өмір өткізу – осы жолда өз байлықтарын ысырап етуден басқа ешбір нәрсесін көрмейсіз. Керісінше, зиялылар неғұрлым көбейе түссе, халықтың көзі ашылып, пайдалы мектептер салынып, газет-журналдар шығарылып, дау-дамайлар азайып жалпы жұртшылық жақсы күн кешірген болар еді. Ал, қазір бұл істердің біреуі де жоқ. Күн санап сауық-сайран батпағына батып, күн сайын надандықтан шыға алмай жатыр. Зиялыларымыз бұл жағдайға қайғырар емес. Халықтың ықыласын өздеріне тартып, сауатын ашып, өнер жолына бастай алмай келеді. Мұның соңы қайда барып тірелері әркімге белгілі болса керек. Бұл да бір – қасіретіміз. Міне, бұл дүниеде ішу-жеу үшін ғана өмір сүру деген көзқарастың кесірі.