VII ӘРКІМНІҢ ӨЗ ТҰРҒЫСЫ БАР ХАЙУАНДЫҚ ХАЛІНДЕГІЛЕР. ҚЫРҒЫЗ ЗИЯЛЫЛАРЫ

Ірі, күрделі мәселелерді шешуде әр қалай мүддедегі әртүрлі таптың адамдары бірыңғай көзқараста бола алмайды. Жастардың бір тобы біз бақытқа күрес арқылы жетеміз дейді. Халық үшін жан пида етсек, бақытты бола аламыз деп ойлайды. Адамдардың бақыты – олардың еркіндігі мен теңдігі, оны ешуақытта ешкім сыйлай алмайды, оны өзің табасың дейді олар. Екінші біреулер бақытты рахымсыздықпен, күшпен, зорлықпең, қан төгумен ала алмайсың, ала алған күнде де ондай бақыт баянды болмайды дейді. Олардың айтуынша халық өзі материалдық, рухани жағынан дайындалуы керек, сонда ғана адамдардың бақыты баянды, берік болмақ. Үшінші біреулер бұл екі пікірді де теріске шығарады. Олар дүниеде тек ғана күш, қуат өктем болса, барлық жағдайды қару ғана шешетін болса, ол шын мәніндегі бақыт болмақ емес дейді. Олардың пікірінше зорлық емес, дүниеде ізгілік, махаббат салтанат құрса, адам шын мәніндегі бақытқа жетпек дейді.

Әрине, әркім өз көзқарасын білдіруге хұқы бар. Бұл, адамның ақыл-ой деңгейін көрсетеді. Мысалы, математика, инженерлік ғылым салаларында онша көп талас бола қоймайды. Себебі олар нақты ғылымдар. Ал, пәлсәпалық салада барлық мәселелерде бір түйінге келу мүмкін емес. Мысала, бөрі мен қойдың мақсат-мүддесі сияқты олардың мүдделері де қарама-қайшы келеді. Алайда, шын ықыласымен адамның бықытын тілейтін бір ынтымақ болса, онда көздеген мақсатқа жетуге болар.