ТОМАН БАЙДЫҢ БАЛАСЫ ӘДІЛ МЫРЗА Я БОЛМАСА, БАЙҒАЗЫ БАЙДЫҢ ҚЫЗЫ АРУ ШАНДОЗ

                                                  I

Мұнан жүзден* аса жыл бұрын кіші жүз қазақтарындағы атақты байлардан Жетіру Байғазы Байұлындағы, сондай-ақ момын бір бай Томан деген кісі құда түсіп, қызын баласына айттырмақ болып, араларында жаушы жүріпті. Әр екі жағы да ат байланған ата-бабалары болған соң бір-бірінен қашпай, ол уақыттағы әлді адамдар арасында жүріп тұрған әдет бойынша бес жиырма** қалың малмен құдаласпақ болыпты. Ұл атасы жағы келіп, батасын айтып, кит киіп қайтқан соң, көп ұзамай-ақ шақырып, қалың малды қыз атасы жағына беріп жөнелтіпті.

Мұнан не жылдар өткен соң екі байдың балалары да (бірінің ұлы, бірінің қызы) ер жетіп әдетше алыс-беріс жасайтын мезгілі жақындапты. Қазақ жосығында күйеу болатын жігіт бір-ер жыл ілгері астыртын барып қалыңдығын көріп, ажарлы көркем болып шықса қуанып, кейіпсіздеу болып табылса, «маған жазу солай болған шығар, көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық, әкемнің батасын бұзып, тату құдасымен ащы жасап, һәм біреудің оң жақта отырған жазықсыз баласын алмаймын деп масқара етіп кету сиымды болмас» деп, ақылы бүтін болса ажарына көп қарамай-ақ ала береді екен. Сол жақсы ниеттеріне қарай қосылған қосақтарынан тату-тәтті тұрмыс көріп, ұл-қыз өсіп, барша мұраттарына жетеді екен.

______________

* «Ден» деген жалғауы түсіп қалған сияқты.

** Бір жиірма – от төрт сиыр, не қырық, не он байтал болады.


«Құда болар алдынан құлменен сұрас, құдаласып

алған соң құл да болса сыйлас!» деген сөздері бойынша әуелгі уәдені бұзуды қазақтар жек көреді екен. Һәм өздері әлгі басында армансыз ойланып жақсы атаның баласына құдаласқандық себепті «әкеге қарай ұл өседі, анаға қарай қыз өседі» деген-ді. Ата-анасы жолында тәрбиеленіп өскен екі жас та олардың күні ілгері болжаған ойларын қатеге шығара бермейді екен. «Жүзден, мыңнан бір» дегендей ол күнде де ерлі-зайыпты адамдар арасында бірге күнелте алмастық шекте үйлессіздіктер болса да оңдай-оңдай қайсы халықта жоқ дейсіз?! Бәрінде де бар. Тап осы күндегідей жігіт опасыз, қызы тарқақ, сыртқы сұлулықтарына қызығып, бүгін қосылып, ертең айрылатын әдет о күнде болмайды.

Оқушылар, бұл сөздерден осы күнде де жаста құдаласып қою жөн-ақ деген сөзді аңғара көремеңіз. Тек ол замандағы қазақ халқының тұрмыс жайларына солай лайық болғандығын ғана айтамыз. Бұ күнде елдің тұрмысы өзгерді. Әлбетте тұрмыс өзгерсе, ғұмыр-әдет те өзгереді. Сол себепті ол заманда лайықты болған заттардың көбі бұ заманға жарай бермейді. Міне, біздің бұл жазған әңгімемізде қазақтың со кең, таза тұрмысты уақытындағы жастар арасында болған бір азғана сыпайы әдеттерін көрсетіп қалдыру үшін жазылды.


                                                 II

Томан байдың Әділ есімді жалғыз баласы жігіттік жасына жеткенде қайнына барып қалындығын көріп қайтуды мұрат етіп, жападан жалғыз өзі Байғазы байдың аулына қарай сапар шегеді. Бұл уақытта Байғазы байдың ауылы алысырақ жердегі бір қонысқа көшіп кеткен екен. Сол себепті Әділ мырза шыққан күні-ақ жете қоям деп ойласа да, үш-төрт күн ұдайы жүріп кетуге мәжбүр болыпты. Арып-ашып тап жетем-ау деген күні кеш болып, қараңғы түн жамылып кетіпті. Енді тура тауып бара алмаспын, бұл күні осы жерге дамылдап қонып аттанайын, таңда тәңірі не жазса соны көрермін деп, бір кең саздыққа түсіп, атының ерін алып, жалына қантара тастап, шешіп, басын еріне жастап жата қалыпты.

Түн бек тымық, ай жарық, жұлдыздар да жол жүріп келген жас жігіттің сұлу жарымен қосылып күліп-ойнауларын көргісі келіп тұрған секілді. Күмістей жалтылдаған көздерін тігіп, жас жанның көңіліндегі ғашықтығын арттырып, өздеріне міндетті бір қызметті жеріне келтіргендей болысыпты. Шалқасынан түсіп ұйықтауға жатқан жігіт ай, жұлдыздардың бұлайынша көңілденіп күле, шыраймен өзіне қарап тұрғанын көріп, өзі қозғалып ұйықтай алмай күңірене бұ сөздерді айтыпты:

 

Сәмиян сахараның сары даласы-ай,

Тымығы іңір кештің таң-тамаша-ай.

Жалтылдап сап күмістей көрінеді,

Сансыз көп жұлдыздардың әр данасы-ай.

Жер жүзін түн ішінде жарық етіп,

Аспаннан нұр салып тұр ай парасы-ай.

Жапанда жалғыз жатып күңіренді

Томсарған ер қазақтың бір баласы-ай.

Жанында жары сүйген жатар ма еді

Қиғаш қас, жазық маңдай, жалқын шашы-ай.


 Осы күндерде Әділ мырза келемді-міс деген хабар тауып, қалындығы ару Шандоз да күтіпті. Сағынғаннан сарғайып, ұйқы-күлкі көрмей, әр түн ауылдың сыртқы бетіндегі сыздықта жүріп, таң саз бергенде ақ үйдің оң жағындағы салулы төсегіне келіп кіріп жатады екен. Осы бүгінгі түнде де күндегі әдет бойынша ел көзі ұйқыға барған мезгілде ақ жүзін ұйқысыздықтан сарғайып, жұпардай хош иісін анқытып, шұбала басып, аспанның патшасы ай мен жұлдыздарды таң қалдырарлық назбенен баяғы саздыққа қарай бет алып жүріпті. Жүрсе де өзін бүгін күндегіден бөтен тауыпты. Жүрегі тайдай тулап, бүтін тәні бір қызып, бір мұздап, туды-бітті өзіне білінбеген бір күштің тұла бойын билеп алып бара жатқанын көріп, жарының жақын жерге келгенін жаны сезіпті. Бар буындары босап, аяғын азар-азар басып, екі-үш дүркін тізесі бүгіле-бүгіле алдында қарауытқан бір қаралдыға жетіп келіпті. Келсе, Әділ мырза шалқасынан түсіп ашық ауада ұйықтап жатыр екен. Айдың нұрына шағылған аппақ жүзін көргенде есі ауып жығылуға жақындап, ашық жарының тігіп жатқан бір тізесіне аз уақыт басын сүйеп отырып хал жиыпты. Һәм бұл сөздерді сазға салып айтып жіберіпті:  

 

Кербезім, келген бе едің арып-ашып,

Түн қатып, ұйқы көрмей, түсің қашып.

Хақ жазған маңдайыма асыл затым,

Көруге нұрлы жүзің біз бір асық.

Алдыңнан қарсы шығып келгенімде,

Тұр-сана, ақсұңқарым, ұйқыңды ашып.

Көтеріп басыңызды бір сөйлесші,

Алайын жүрегімді мен де басып.

Жарыңмен қол ұстасып сейіл етіп,

Жүр-сана аяғыңды алшаң басып,   


Мегір арудың бұл мұңды hәм нәзік даусы шырт ұйқыда жатқан жігіттің басын көтертуге әлі жетіпті.

Аз уақыт ауаның тымық тыныш тұрмағын жаңғырта беріп жойылып кетіпті. Енді не қылуға білмей ақ жүзіне үңіліп оятып, ұйқысын бөлуге қимай айран асыр болып отырғанда, мойылдай көзінен үш бүртік жас аспаннан жауған бұршақтай домалап, ұйқышының бетіне тамып-тамып кетіпті. Сескеніп, көзін ашып жібергенде аңғарғаны қарсы алдында қасы қаламдай қиылып, белі тал шыбықтай иіліп отырған бір періштені көрмесін бе?!

       Ах, қатты ұйықтап кеткен екенмін, жаным, бейуақыт жат кісінің жанына келіп отырған нендей адамсың, аты-жөнің кім болады? – депті. Сонда қыз былайша жырмен жауап беріп, өзінің кім екенін танытыпты:

 

  Сескенбе, жігіт сескенбе,

  Мен сізге жат емеспін, жақынмын.

  Сөйлесем сөзге жүйрік ақынмын.

  Жатқа қолым созғандай,

  Адасып аяғымнан тозғандай

  Тап онша тентек те емен, мақұлмын.

  Іздеп келген жарды деп,

  Бізге де тәңірімнің бір

  Қыдыр түні бар-ды деп,

  Айқалап мойның құшарға,

  Бұралған аш беліңнен қысарға,

  Түн ұйқымды қалдырып,

  Жүрегімді ғашық отқа жандырып,

  Хабарыңды жан ием,

  Көкірегіме аян беріп нандырып,

  Келіп тұрған алдыңда

  Мал бергенің мен сол Шақыммын*.

   ____________

   * Шандоздың еркелете, өзгертіліп айтылуы.


     Сонда Әділ мырза да істің мәнісіне түсініп, жорытқанда жолының болғаның біліп, бұл сөздерді айта басын көтеріпті:

 

Хош келдің Шақым, сұлу сүйген жарым,

Жасымнан болған асық, ынтызарым,

Қанды бет, қақпақ жауырын, ақсұнқарым,

Жолыңа болсын пида жалғыз жаным.

Сарғайып сағынсаңыз келдік біз де,

Құдайға қабыл болып айтқан зарың.

Түн тымық, бұлты жоқ, айы жарық,

Хош алып күтсін біздей мехмандарын,

Кел бері екі қасіред* құшақтасып,

Басалық ғашықтының бір құмарын.

____________

* Екі қасіред– екі ғашық       


       Бұл сөзден соң екеуі де тұрып, бір-біріне қолдарын созып, құшақтарын ашып көрісіп, қайтадан жерге отырысыпты. Шолпан туып, таң сәрі болғанда Әділ мырза еліне қайтпақ болып, атына ер салыпты. Амандасып айрылар жерде Шақым сұлу ат жалына сүйеніп  тұрып бұл сөздері айтыпты:

 

Сұңқарым жүзің алма, белің талма,

Кешігіп еліңізде ұзап қалма.

Айналып көңіл беріп әр нәрсеге

Уәйім біз пақырға қайғы салма.

Сарғайтып алғаныңды кетпе тастап,

Көңілінде ғашықтықтан болса сауда.

Айтылу сағаты жыл, жылы ғұмыр,

Татиды сүйген жарды сағынғанда.

Сүйкімді*  ................................

___________ 

* Қолжазбадағы сия төгілген жерлер оқылмағандықтан көп нүкте қойылды. Бұдан былай да солай.


Атының басын бұрып алып жігіт те бұл сөздерді айтты да жөнелді:

 

Хош сау бол, жақсылықпен жолығарға,

Құдайым еткей нәсіп екі жарға.

Әрдайым сүйгендері қарсы шығып,

Жолықсын біздей асық болғандарға.

Ерісте көк бетінде әмин деңі

Сағынып еттім тілек абинзарға.

Хабарсыз келмей жатып қалады деп,

Уәйім жеп, сәулем, бұлай қайғыланба.

Ішінде келер айдың біз жетерміз,

Бір алла берсе саулық шыбын жанға. 


                                                                      III

Ел жазық жайлауға қонып бие байланған уақыт еді. Күн ауған соң жылқының кешкі жабуын жауып қырға шығарып тастап қайтқан балаға таман белестің үстімен көлденең жүрген екі атты адамды іс тігіп үйде отырған ару көптен дерлік түрулі іргеден көріп, инесін түйрей тастап, жағына қолын таянып, терең ойға кеткен болса да, есік алдында төрт бақан үстіне құрылған өреге сүзулі құртты бір парасын домалақтап, екіншілерін жәйіп жүрген әйелдер бәрі қатар сөйлесіп, біріне-бірі дес бермей айтысып жатқан әңгімелерінің қызығымен ол жолаушы қонақтарды көріспеген еді.

Іштерінен бір орта бойлы, ақ өнді, толық жүзді отыздар шамасындағы әйел жанындағысына: .        .        .       


.        . бел қайынсіңлің боларсыз           .        .        .        .        .        .        .        .        . .         .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .

батыр да сұрады деп естіп   .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        . .         .        .        .        .        .        .        .        .        .        .

сұрағанмен тап былтыр неғып бере қойсын өңгертіп жіберетін мал емес, жасы да жас қой, тек өзі ұзын бойлы бала болған соң біздің еркежандар да үлкен секілді көрінеді. Жас дейміз-ау, қолда кішкенесінен әлпештеп өсірген баланың жетіп қалғанын кісі білмейді екен. Онан басқа сіз бен біздің түскен жасымызға былтыр-ақ жетіп еді-ау.


 Иә, былтырғы жыл көкесі аманат аман болып, жаз көзіміздің тірісінде жақсылығымызды көріп, өз көзімізден жөнелтсек арманымыз жоқ – деп еді.- Қыз бала қонақ қой, оларға тәңрі солай жазған соң, не қылсын пақырлар, – деп үшінші бір ұзын бойлы жасамыстау әйел ол екеуінің сөздерін бөлді.

Бұлар сөздерінде тұрғанда баяғы жылқы шығара кеткен бала далбайлап шауып келді де, өзіне жолыққан екі кісінің күйеу болып ұрын келе жатқаның жеңгесіне жеткізе қойды. Әйелдер:

 Кімді айтсаң, сол келер деген-ау,

 Кімді айтсаң, сол келер – десіп, бәрі бір жолы ду етіп, айтқан сөздері үй-ішіндегі жағын таянауы күйінше бұл уақытқа дейін ойдың ұшына жетіп жығылмай отырған аруды оятып жіберді.

Сол арада-ақ баяғы құрт сағымдап жайған әйелдердің ауыл сыртына ақ отауды асыға-асыға тігіп жатқаны көрінді. Кеш болып, күн батқан соң, үш-төрт әйел, екі қыз         .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .         .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .         .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .       

күйеуге көрісіп аман-сау сұрасқан соң   .        .        .        .        .        .        .        .

алып .        .        . келісті. Бұл уақыт үлкен үйдің іші        .        .        .        .        .        .        

.        .        .        .ызылдағаны естілерлік дегендей тып-тыныш, жар дегенде жалғыз арудың өзі ғана қалған еді. Бүтін жан отау айналасына жиналып, қызметті, қызметсіз кісілер бәрі де сол жерде ерсілі-қарсылы дүрмек-дүрмек жүрмек те еді. Жалаң аяқ, жалаң бас балалар да іргені көтеріп: «менің жездем, менің жездем» деп  өзді-өзді сөз таластыра тұрып, араларынан бір шолжыңдау баланың жаңылтпаштау сөз шығарып жібергені отаудың ішіндегі басқаларға сөз таппай отырғандардың жабыла күлісіп, ән, сөз табуларына себеп болған еді.


«Құда барған жерің райын балаларынан шамала» деген сөз бар еді. Балалар қош алса, үлкендерге де бұл жүрісіміз шет көрініп жолсызға сай болмаса керек дейді. Бұған әйелдердің іштерінен бір сыпайы өңді, жиырма-отыздар шамасындағы әйел: – Қош келдіңіз, неге шет болсын, үлкендер де шет көрмесе керек. Ата-бабадан бері қарай болып келе жатқан жоралғы ғой. Бұрынғылар қараның хандығы – құда, күйеу болғаны,  .   .         . .      .        .        .жері қош алмаса, жүрген жүрістерін .  .        .        . оның қай жері хандық болады – дейді.

.        .        .        .        . Бұлайша  .        . сөйлесіп отырғанда жүзі айдай   .        .        .         .        .бұғағы судай толқыған періште сынды бір қыз бала белі талдай майысып, дастархан жайып, бармағы жіп алтындай майысып қымыз аяқтарды жүргізе бастады. Бұрынғы қазақ шайырларының:

 

 Қызмет етсе алдымызда-ай,

 Ұсынса алтын кесе, бал қымызды-ай,

 Құралып тең құрбылар шартараптан,

 Сүйкімді құрса мәжіліс сәнді бұзбай.

 Отырса ақсұңқарлар ортасында

 Сыланып бойын күткен хан қызындай.

 Дүние, бір күн сенде тұрмас едім,

 Көрмесем қызығыңды жалғыз мұндай –

 

деген сөздері тап осы бүгін түндегі мәжіліс хақында айтылған дерлік еді.


Күн ілгері жар салып қойғандай–ақ жігіт, қыз көп жиналды. Әр қайсысы да қонақтармен көрісіп танысқанның соңында орынды орындарына отырысты. Іштерінен бір жігітке қарап:

       Тым-тырыс отырғанша сөз бастасайшы – десті.

Сонда жігіт былайша сөзге кірісті:

 

 Естіп келгендерің біліп келдік,

Қуанып жақсылыққа күліп келдік.

Көңілді бір көтеріп қалалық деп,

Асығып іштеріңе кіріп келдік.

Жақсылар сөз баста деп бұйырған соң,

Көңілге келген сөзді ірікпелік.

Тең құрбы кызметіне жұмсағанда

Жал біткен жаман аттай үрікпелік.


                                      IV

 Ой қысқа, сөзді не деп бастарыма

 Ақырын қалай бұрып тастарыма.

 Бұ дәурен екі айналып сірә келмес,

 .           .           .           .           .           .

 Қадірін білгейсіңіз жас күндердің,

 Қалықтап тұрған.      .      .       .      .

 Бұл сөзді қастап айтам сүйген таңдап

 .         .          .         .          .          .          .

 Сөзіме сөз қайырып айтпай қалсаң,

 .         .          .            .          .        .          .

 Бұл сөздерді айтты де біреуден жауап

 .         .        .        .             .          .            .

 


Сол арада баяғы аяқүсті қызмет етіп жүрген қыз бала көзінен ықтиярсыз аққан ғашық жасын қолындағы жібек орамалмен бір-бір сүртіп жіберді де отыра қалып бұл сөздерді айтты:

 

Жан досым, абайла, ұлы сөз бұл айтқаның.

Жоқ шығар айтқан серттен еш қайтқаным.

Достыңа қас деп айтқан әрбір сөзің,

Қозғайды сұм жүректің бір қатқанын.

Таңдаулы сүйгенім деп айта қойдың.

Жоқ па еді менен басқа еш тапқаның?

Лайықсыз тоқтар жерде сөз айтасыз,

Бар ма еді құрбыңыздан тау қайтқаның?

Ырзамын сүйгенім деп қастауыңа

Іркілмей келген жерден бастауыңа.

Сөзіме сөз қайтар деп үкім айту,

Көңіліңнің тоқтағаны қашпауыңа.

Уәде малта жескен жібере ме,

Есімнен сіздей досты тастауыма?!

Қояйын, көп ала үміт мақұл көрмес,

Ішінен көптің тастап қақсауыма.

Бұл екеуін басқалар да әл Қыдыр атасындай ол күн таң атқанша ойын-сауық етіп, таң саз бергенде тарасты. Үш күн қонақ жатып, төртінші күн елдеріне қайтысты.


                                                  V

Күзгі күні  .        .        .        .        .        .күзем алған соң Байғазы бай қонақтарының         .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .  .   болғаның ескеріп ауылды таза жұртқа жылып қонуға       .        .        .        .        .        . маңайға үйді жығуға бұйырып, өзі атына     .        .        .        .        .        .        жерді көздеп бір тегіс қана көл басына құрық шаншып қайтты. Ол келгенше мында қатын-қалаш құралып, қайсылары киіз сыпырып, үйді жалаңаштап, қайсылары түйе шөгеріп қомдап жатыр еді. Бай атүсті келіп бәйбішесін шақырып алып, бір-екі ауыз тіл қатты да, қырдағы малды шолуға кетті. Күндегі әдетінше малшыларға айтатындарын айтып, тапсырып қайтқанша, мындағылар да жылып қонатын жерлеріне барып, жүктерін түсіріп жатыр еді. Ат үстінен ескі жұртты бір айналып, түсіп қалған бір тұсауды еңкейе беріп қамшысының сабымен іліп алды да, қанжығасына байлады. Үш-төрт үйді тиістіріп қатар тігіп, әм жаз тігетің ақ үйлерін күз тігіп жатқанын көріп, даладағы жігіт- желеңдер кешікпей той болады екен деп қуанысқан еді. Айтқандай-ақ ертеңіне сол алқаптағы  ауылдарға сауын айтып, алдағы сәрсенбінің сәтіне қырғын үлкен той жасап, балуан тұрғызып, ат  шаптыратыны жария етілді.

«Тойдың болғанынан болады дегені қызық» дегендей әркімге біртүрлі ой түсіп, дәмелі аяғының желі бар деген жылқы баласының бәрін де шаптырып, бірсыпыра терін алып, күздің ұзақ, салқын түнінде байлап таң асырысып жүрген тентектер көп еді. Балуандар бел ұстасып, күштерін сынап, мал шетіне жиналған боз балалар да  .        .         .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .        .«той дегенде өлең таппас» дегендей болып қалмайық деп        .        .        .        .        .        .         .     далалықта шыңғыратып ән салып, екі-үш ауыз болса да .     .         .         .           жаттауда еді.

Күткен күндер жетті. Бір жеті ойын       .        .        .        .        .        .        .        . .         .        .        жырғап жөнелтілді.