ТОМАН БАЙДЫҢ БАЛАСЫ ӘДІЛ МЫРЗА Я БОЛМАСА, БАЙҒАЗЫ БАЙДЫҢ ҚЫЗЫ АРУ ШАНДОЗ

                                                  I

Мұнан жүзден* аса жыл бұрын кіші жүз қазақтарындағы атақты байлардан Жетіру Байғазы Байұлындағы, сондай-ақ момын бір бай Томан деген кісі құда түсіп, қызын баласына айттырмақ болып, араларында жаушы жүріпті. Әр екі жағы да ат байланған ата-бабалары болған соң бір-бірінен қашпай, ол уақыттағы әлді адамдар арасында жүріп тұрған әдет бойынша бес жиырма** қалың малмен құдаласпақ болыпты. Ұл атасы жағы келіп, батасын айтып, кит киіп қайтқан соң, көп ұзамай-ақ шақырып, қалың малды қыз атасы жағына беріп жөнелтіпті.

Мұнан не жылдар өткен соң екі байдың балалары да (бірінің ұлы, бірінің қызы) ер жетіп әдетше алыс-беріс жасайтын мезгілі жақындапты. Қазақ жосығында күйеу болатын жігіт бір-ер жыл ілгері астыртын барып қалыңдығын көріп, ажарлы көркем болып шықса қуанып, кейіпсіздеу болып табылса, «маған жазу солай болған шығар, көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық, әкемнің батасын бұзып, тату құдасымен ащы жасап, һәм біреудің оң жақта отырған жазықсыз баласын алмаймын деп масқара етіп кету сиымды болмас» деп, ақылы бүтін болса ажарына көп қарамай-ақ ала береді екен. Сол жақсы ниеттеріне қарай қосылған қосақтарынан тату-тәтті тұрмыс көріп, ұл-қыз өсіп, барша мұраттарына жетеді екен.

______________

* «Ден» деген жалғауы түсіп қалған сияқты.

** Бір жиірма – от төрт сиыр, не қырық, не он байтал болады.