ТОМАН БАЙДЫҢ БАЛАСЫ ӘДІЛ МЫРЗА Я БОЛМАСА, БАЙҒАЗЫ БАЙДЫҢ ҚЫЗЫ АРУ ШАНДОЗ

Мегір арудың бұл мұңды hәм нәзік даусы шырт ұйқыда жатқан жігіттің басын көтертуге әлі жетіпті.

Аз уақыт ауаның тымық тыныш тұрмағын жаңғырта беріп жойылып кетіпті. Енді не қылуға білмей ақ жүзіне үңіліп оятып, ұйқысын бөлуге қимай айран асыр болып отырғанда, мойылдай көзінен үш бүртік жас аспаннан жауған бұршақтай домалап, ұйқышының бетіне тамып-тамып кетіпті. Сескеніп, көзін ашып жібергенде аңғарғаны қарсы алдында қасы қаламдай қиылып, белі тал шыбықтай иіліп отырған бір періштені көрмесін бе?!

       Ах, қатты ұйықтап кеткен екенмін, жаным, бейуақыт жат кісінің жанына келіп отырған нендей адамсың, аты-жөнің кім болады? – депті. Сонда қыз былайша жырмен жауап беріп, өзінің кім екенін танытыпты:

 

  Сескенбе, жігіт сескенбе,

  Мен сізге жат емеспін, жақынмын.

  Сөйлесем сөзге жүйрік ақынмын.

  Жатқа қолым созғандай,

  Адасып аяғымнан тозғандай

  Тап онша тентек те емен, мақұлмын.

  Іздеп келген жарды деп,

  Бізге де тәңірімнің бір

  Қыдыр түні бар-ды деп,

  Айқалап мойның құшарға,

  Бұралған аш беліңнен қысарға,

  Түн ұйқымды қалдырып,

  Жүрегімді ғашық отқа жандырып,

  Хабарыңды жан ием,

  Көкірегіме аян беріп нандырып,

  Келіп тұрған алдыңда

  Мал бергенің мен сол Шақыммын*.

   ____________

   * Шандоздың еркелете, өзгертіліп айтылуы.