ТОМАН БАЙДЫҢ БАЛАСЫ ӘДІЛ МЫРЗА Я БОЛМАСА, БАЙҒАЗЫ БАЙДЫҢ ҚЫЗЫ АРУ ШАНДОЗ

 Осы күндерде Әділ мырза келемді-міс деген хабар тауып, қалындығы ару Шандоз да күтіпті. Сағынғаннан сарғайып, ұйқы-күлкі көрмей, әр түн ауылдың сыртқы бетіндегі сыздықта жүріп, таң саз бергенде ақ үйдің оң жағындағы салулы төсегіне келіп кіріп жатады екен. Осы бүгінгі түнде де күндегі әдет бойынша ел көзі ұйқыға барған мезгілде ақ жүзін ұйқысыздықтан сарғайып, жұпардай хош иісін анқытып, шұбала басып, аспанның патшасы ай мен жұлдыздарды таң қалдырарлық назбенен баяғы саздыққа қарай бет алып жүріпті. Жүрсе де өзін бүгін күндегіден бөтен тауыпты. Жүрегі тайдай тулап, бүтін тәні бір қызып, бір мұздап, туды-бітті өзіне білінбеген бір күштің тұла бойын билеп алып бара жатқанын көріп, жарының жақын жерге келгенін жаны сезіпті. Бар буындары босап, аяғын азар-азар басып, екі-үш дүркін тізесі бүгіле-бүгіле алдында қарауытқан бір қаралдыға жетіп келіпті. Келсе, Әділ мырза шалқасынан түсіп ашық ауада ұйықтап жатыр екен. Айдың нұрына шағылған аппақ жүзін көргенде есі ауып жығылуға жақындап, ашық жарының тігіп жатқан бір тізесіне аз уақыт басын сүйеп отырып хал жиыпты. Һәм бұл сөздерді сазға салып айтып жіберіпті:  

 

Кербезім, келген бе едің арып-ашып,

Түн қатып, ұйқы көрмей, түсің қашып.

Хақ жазған маңдайыма асыл затым,

Көруге нұрлы жүзің біз бір асық.

Алдыңнан қарсы шығып келгенімде,

Тұр-сана, ақсұңқарым, ұйқыңды ашып.

Көтеріп басыңызды бір сөйлесші,

Алайын жүрегімді мен де басып.

Жарыңмен қол ұстасып сейіл етіп,

Жүр-сана аяғыңды алшаң басып,