ТОМАН БАЙДЫҢ БАЛАСЫ ӘДІЛ МЫРЗА Я БОЛМАСА, БАЙҒАЗЫ БАЙДЫҢ ҚЫЗЫ АРУ ШАНДОЗ

                                                 II

Томан байдың Әділ есімді жалғыз баласы жігіттік жасына жеткенде қайнына барып қалындығын көріп қайтуды мұрат етіп, жападан жалғыз өзі Байғазы байдың аулына қарай сапар шегеді. Бұл уақытта Байғазы байдың ауылы алысырақ жердегі бір қонысқа көшіп кеткен екен. Сол себепті Әділ мырза шыққан күні-ақ жете қоям деп ойласа да, үш-төрт күн ұдайы жүріп кетуге мәжбүр болыпты. Арып-ашып тап жетем-ау деген күні кеш болып, қараңғы түн жамылып кетіпті. Енді тура тауып бара алмаспын, бұл күні осы жерге дамылдап қонып аттанайын, таңда тәңірі не жазса соны көрермін деп, бір кең саздыққа түсіп, атының ерін алып, жалына қантара тастап, шешіп, басын еріне жастап жата қалыпты.

Түн бек тымық, ай жарық, жұлдыздар да жол жүріп келген жас жігіттің сұлу жарымен қосылып күліп-ойнауларын көргісі келіп тұрған секілді. Күмістей жалтылдаған көздерін тігіп, жас жанның көңіліндегі ғашықтығын арттырып, өздеріне міндетті бір қызметті жеріне келтіргендей болысыпты. Шалқасынан түсіп ұйықтауға жатқан жігіт ай, жұлдыздардың бұлайынша көңілденіп күле, шыраймен өзіне қарап тұрғанын көріп, өзі қозғалып ұйықтай алмай күңірене бұ сөздерді айтыпты:

 

Сәмиян сахараның сары даласы-ай,

Тымығы іңір кештің таң-тамаша-ай.

Жалтылдап сап күмістей көрінеді,

Сансыз көп жұлдыздардың әр данасы-ай.

Жер жүзін түн ішінде жарық етіп,

Аспаннан нұр салып тұр ай парасы-ай.

Жапанда жалғыз жатып күңіренді

Томсарған ер қазақтың бір баласы-ай.

Жанында жары сүйген жатар ма еді

Қиғаш қас, жазық маңдай, жалқын шашы-ай.