ТОМАН БАЙДЫҢ БАЛАСЫ ӘДІЛ МЫРЗА Я БОЛМАСА, БАЙҒАЗЫ БАЙДЫҢ ҚЫЗЫ АРУ ШАНДОЗ

«Құда болар алдынан құлменен сұрас, құдаласып

алған соң құл да болса сыйлас!» деген сөздері бойынша әуелгі уәдені бұзуды қазақтар жек көреді екен. Һәм өздері әлгі басында армансыз ойланып жақсы атаның баласына құдаласқандық себепті «әкеге қарай ұл өседі, анаға қарай қыз өседі» деген-ді. Ата-анасы жолында тәрбиеленіп өскен екі жас та олардың күні ілгері болжаған ойларын қатеге шығара бермейді екен. «Жүзден, мыңнан бір» дегендей ол күнде де ерлі-зайыпты адамдар арасында бірге күнелте алмастық шекте үйлессіздіктер болса да оңдай-оңдай қайсы халықта жоқ дейсіз?! Бәрінде де бар. Тап осы күндегідей жігіт опасыз, қызы тарқақ, сыртқы сұлулықтарына қызығып, бүгін қосылып, ертең айрылатын әдет о күнде болмайды.

Оқушылар, бұл сөздерден осы күнде де жаста құдаласып қою жөн-ақ деген сөзді аңғара көремеңіз. Тек ол замандағы қазақ халқының тұрмыс жайларына солай лайық болғандығын ғана айтамыз. Бұ күнде елдің тұрмысы өзгерді. Әлбетте тұрмыс өзгерсе, ғұмыр-әдет те өзгереді. Сол себепті ол заманда лайықты болған заттардың көбі бұ заманға жарай бермейді. Міне, біздің бұл жазған әңгімемізде қазақтың со кең, таза тұрмысты уақытындағы жастар арасында болған бір азғана сыпайы әдеттерін көрсетіп қалдыру үшін жазылды.