ҚАЗАҚТЫҢ АТҚА МІНГЕН АДАМДАРЫНА

Бай еді ер қазақтың жарық күні,

Басып тұр қараңғылық нұрсыз түні.

Байқасам жан-жағыма көзім салып,

Келмейді замананың ешбір сыны.

Жайылыпұрлық, өткір тегісінен,

Жойылды бұ заманда сөздің шыны.

Әкеге бойсұнбайды туған ұлы,

Бастаған халықтың көшін адамдары

Шықпайды ел қамында еш бір үні.

Көш бастай ел билеген басшыларға

Осылай бола ма екен істің жөні.

Қайғы етіп кесер басын халқын көрмеу,

Айтар ма оңған деп ешкім оны.

Қоймаса бұл мінезді бас адамдар

Қорқамын қайнай ма деп елдің соры,

Таптыңыз дәрежені халық малымен,

Тілейді ел бақытыңызды жан-тәнімен.

Заманда әлкес-шәлкес болып жатыр,

Кіре ме ойларыңа ел қамынан.


Айрылды бақ-дәулеттен қазақ ұлы

Ұйықтап жатасыз ба шындарыңмен.

Құбыладай төрт жағымыз жүрсіз ғапыл,

Бұл елдің қорықпайсыз ба тұз-дәмінен.

Дегендей малы түгел жоқтаусыздың,

Білмейді ел замананың шын тәлімін.

Өткізіп ғұмырымызды ойын, зауыққа,

Ұяла білмейсіңіз бір тәңіріден.

Қазақтың екі қолы жағаңызда

Кетсендер осы бұзық жолдарыңмен.

Күн келер жылыңызбен көтеретін

Істеген ғамалыңды қолдарыңмен.

Жауыздық, зұлымдықты қуаттайсыз,

Жылаған мазлұмдерді* жұбатпайсыз.

Хақын жеп жетімдердің мал жинаған

Адамды жақын көріп, құр мақтайсыз.

_____________ 

 *Ғаріп, жоқ-жітік адамдар.


Білмеймін не себептен ұрыларды,

Тарттырып ауыр жаза жылатпайсыз.

Ойлаймын, қара жолы көңілдірек,

Залымды сол себептен бек жақтайсыз.

Халықты бір-біріне айдап салып,

Астыртын сөз беруден еш саспайсыз.

Момын жан жазатайым еске алынса,

Берді деп тәңірім жаңа қунақтайсыз.

Өлімді іліндірдім сағағынан

Дегендей болып сырттан сықақтайсыз.

Барғанда тәңір алдына  бұл ғамалмен,

Неғылып ауыр азап сіз тартпайсыз?

Бұзылды, жақсы игілер, ғамалдарың,

Тиер деп елге қорқам залалдарың,

Айтамын басшы жандар басқа амалды,

Қолданып тастар ма деп жамандарын.

Тастамай бұ мінезді қолдансаңыз,

Кетірер жүздеріңнің ажарларын.


Үйреттің өнер, ғылым халқыңызға

Айналды осылайға замандарың.

Өнерлі білген жанға құл болатын

Мезгілі келді жаңа надандардың.

Өнерлі өрен жүйрік өрге жүзер,

Адамды ұзамайды шабандардың.

Іждиһат еткен жігер пендесіне

Құдайым бермей қалмас табан жалын.

Азғана ойға келген сөздерімді

Бұлайша айтып хасса тамамдадым.