КӨҢІЛДІҢ ЖАУАБЫ

Е . . . шіркін, өкпе айтыпсың біраз маған,

Менің де айтар сөзім бар-ды саған.

Өкпенің бәрін жинап маған жауып

Құр қалды бұл өкпеден біраз ағам.

Сондықтан сөзін қайтып алар-ау деп,

Мұңымды әлде болса саған шағам.

Сөйлесем өз өмір тарихымды

Білінер тек сол күнде менің бағам.

Ең үлкен тұңғыш ағам ақыл еді.

Біреуі талап дейтін мақұл еді,

Ақыл, талап – екеуі арасында

Бір тумам қайрат дейтін батыр еді.

Ең соңғы кенже тумам маған тете,

Тұрақсыз бақыт дейтін пақыр еді.

Бесеуміз ата-анадан туып едік,

Бірлікке белді бекем буып едік,

Ер жеттік, есейген соң жетеміз деп

Қашқынды – нәпсі деген қуып едік.


Көп қудық  бірақ оған жетесалмадық ,

Бір жүріп тағы өмір ете алмадық ,

Бір ағай бақыт деген бөлек тартып,

Бәріміз оны тастап кете алмадық .

Көп күттік келе ме деп келе алмады,

Қалайда бізге сорлы ере алмады.

Іздеп соны қуған анда- мұнда

Басқасы жәрдем қылып бере алмады.

Бір уақыт қайрат кетті табамын деп,

Бақыттың тапсам басын шабамын деп.

Айырылып бақыт, қайрат екеуінен

Біз қалдық уәдесіне нанамыз деп.

Хабарсыз қайрат пенен бақыт кетті,

Жалықпай жүретұғын уақыт кетті,

Қадірі қолда бардың болмайды екен

Кеткен соң қолдан тайып қадірі өтті.


Айырылып қос тумадан, үшеу қалдық,

Ауырлық бізге түсіп, шаршап талдық.

Жазудан озу болмас деген ғой деп,

Берегнін тіршіліктің қабыл алдық.

Бұдан соң талап жатты жүрмеймін деп,

. . . Сенімен бірге өмір сүрмеймін деп,

Сен бір ит көрінгенге шабатын деп,

Ит болып сенімен бірге үрмеймін деп.

Ауырлық осы маған жетіп еді,

Туманың бәрі тастап кетіп еді

Өкпенің бәрін жинап маған жаппай

Қосқанда басқаны де нетіп еді.


Бақытқа бір ауыз сөз үндемедік

Талаптың бос жатуын мін демедік.

Менің де айтқым келіп жүргенім көп

Әуелі сіз айтсын деп бір күрмелдік.

Ақылға бір айтпадық бір ауыз сөз,

Тумаға салмадың деп басқарып көз

Ақылға сен айтпасаң мен айтайын –

Қалайда жалғыз өзің шыда деп тез.

Басқару бәрімізді ақылға жөн,

Бос жатпау талап, шіркін, саған да жөн.

Босқа жеп, сын мен таяқ солар үшін,

. . . Е . . . көңіл, көн,- дегенге қалай көнем.