КӨҢІЛДІҢ ЖАУАБЫ

Е . . . шіркін, өкпе айтыпсың біраз маған,

Менің де айтар сөзім бар-ды саған.

Өкпенің бәрін жинап маған жауып

Құр қалды бұл өкпеден біраз ағам.

Сондықтан сөзін қайтып алар-ау деп,

Мұңымды әлде болса саған шағам.

Сөйлесем өз өмір тарихымды

Білінер тек сол күнде менің бағам.

Ең үлкен тұңғыш ағам ақыл еді.

Біреуі талап дейтін мақұл еді,

Ақыл, талап – екеуі арасында

Бір тумам қайрат дейтін батыр еді.

Ең соңғы кенже тумам маған тете,

Тұрақсыз бақыт дейтін пақыр еді.

Бесеуміз ата-анадан туып едік,

Бірлікке белді бекем буып едік,

Ер жеттік, есейген соң жетеміз деп

Қашқынды – нәпсі деген қуып едік.