ЖАЗДА ТАСТАМАҒАН ТЕЛПЕК

Жаз мезгілі жеткенде,

Сарқырар өзен саласы.

Қараяды әуелі

Сай-саланың жағасы.

Көбейеді күн санап,

Ағынан да қарасы.

Қарайып қалар ақырда,

Жазық жатқан даласы.

Әзірленер жаз үшін,

Адамзаттың баласы.

Біраз күнге дем алар,

Сүйреткен қысқы шанасы.

Шананы тастап арбаға,

Қол қояр жұрт шамасы.

Алладан әмір болған соң,

Ешкімнің жоқ таласы.

Көгереді түрленіп,

Қара жер атты анасы.


Анасының қойнынан,

Шығар әрбір баласы.

Тұманданып көңірсір

Аспан жердің арасы,

Бейне бардай даланың,

Ұжмақпенен таласы.

Егіздетіп, үшендеп,

Шаруаның бірі екеу боп,

Толысады осы күн,

Кем кетігі қиғашы.

Үш ай тоқсан күнінде,

Жылдай ұзақ түнінде,

Тұрған жері бір қуыс,

Бас-аяғы бір уыс,

Болып тұрған азғанаң

Артынан төлін ертіп,

Шығар болса беткейге,

Алқапқа сыймас шарасы.


Алладан солай пәрменмен,

Қарлар еріп кетсе де,

Жаймашуақ жарқ етіп,

Нұрын шашып жетсе де,

Бұлағай боран ащы аяз,

Бәрі бірдей етсе де,

Біздің елдің адамы,

Бір-бірімен біту жоқ,

Жүрегінде көкше мұз,

Ергізде еріп кету жоқ.

Тайлысы мен таяғы

Шабысында баяғы.

Бәйгі бәстік жолында,

Күзендей жортып жүргені.

Іліп шалу бір-бірін,

Көргені мен білгені.


Жарқырап жаздар атса да,

Бұлардың күні, бәрі қыс.

Сарқырап сулар жуса да,

Тазармас жүрек сасық иіс.

Көңілінің кетпес қарасы,

Көзінің кетпес аласы,

«Таз – телпекті басымнан,

Тастаман» деп өлсем де

Аллаға берген бәрінің,

Уәдесі бар-ды шамасы.