ШӘКІРТ

Ата-анадан айрылып,

Туған елден бір шетке,

Аттанып тұр жас бала,

Ғылым хасіл* етпекке.

Адамдықтың шегіне,

Жігер етіп жасынан

Бірте-бірте баспалап,

Өрмелеп барып жетпекке.

Ойындағы мүддесі,

Асық ойнап, доп соққан,

Құрбы менен құрдастан,

Озат шығып кетпекке.

Осы жолда ол разы,

Шет жерлерде сарғайып,

Құдық қазып инемен,

Еңбек азап шекпекке.

____________

*Хасіл ету – орындау, бітіру, игеру.


Еңбектеніп тапқанын,

Қайтып келіп баяғы

Құрбы менен құрдастың,

Миларына екпекке.

Ісін етпек ұлтының,

Көзін ашпақ жұртының.

Солай етіп жас көңіл,

Мұратына жетпекке.

Айлар, жылдар көп өтті,

Жас та сөйтіп ер жетті,

Балалықтың ойыны,

Ұмыт болып бұл кетті.

Ғазіз балам бір күні,

Салып жетіп келер деп,

Үйде отырған ата-ана,

Үнем соны үміт етті.


«Қарағым-ай» деп сағынып,

Ұйқы көрмей зарығып,

Таң сарғайып ағарып,

Туар күнді көп күтті,

Әлдеқашан қабірге,

Кірер еді кемпір-шал.

Тек осы үміт жан беріп,

Бұл демгеше күнелтті.

Аңсап келіп бір уақыт,

Құшақтасып сүйгенде,

Ажал күтіп солған жүз,

Қан жүгірді, жарқ етті.

«Қарағым аман келді» деп,

«Бар мұратым болды» деп,

«Арманым енді толды» деп,

Қолдарын жайды, бата етті.